Референдум-2026

Бас штаб бастығы Ақмола гарнизоны мен Астанадағы әскери бөлімдерді тексерді

Бүгін, 11:33
Думан Аманжол Думан Аманжол
Бас штаб бастығы Ақмола гарнизоны мен Астанадағы әскери бөлімдерді тексерді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Ақмола гарнизоны мен Астана қаласындағы әскери бөлімдерде жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Жұмыс сапары барысында әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігіне, күнделікті қызметтің ұйымдастырылуына, сондай-ақ әскери қызметшілердің қызмет өткеруі мен тұрмыс жағдайына ерекше назар аударылды.

Сапар Ақмола облысының Арнасай ауылындағы әскери қалашықта орналасқан әскери бөлімдерді аралаудан басталды. Генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жауынгерлік кезекшіліктің ұйымдастырылуын, күнделікті қызметтік міндеттердің орындалуын тексеріп, мерзімді әскери қызметшілердің қызмет өткеру жағдайымен танысты. Сонымен қатар казармалардың, асхананың, жауынгерлік техника паркі мен оқу-материалдық базаның жай-күйін бағалады.

– Жоғары жауынгерлік әзірлікті сақтау жеке құрамды сапалы даярлаусыз, берік әскери тәртіпсіз және әскери қызметшілердің қызмет жағдайына тұрақты қамқорлықсыз мүмкін емес. Бұл міндеттер әрбір командир үшін сөзсіз басымдық болып қалуға тиіс, – деді генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.

Әскери қалашықты аралау қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әскери инфрақұрылымды одан әрі дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Одан кейін жұмыс сапары Астана қаласындағы әскери бөлімдер мен мекемелерде жалғасты. Бас штаб бастығы Ақмола өңірлік гарнизонының Әскери полиция басқармасында, сондай-ақ 83205 және 43988 әскери бөлімдерінде болып, қызметтің ұйымдастырылуымен, қару-жарақ пен әскери техниканың, арнайы құралдардың жай-күйімен, ақпараттық қауіпсіздік жүйелерімен және әскери қызметшілердің қызмет өткеру жағдайымен танысты.