Нысана көздеуден 2026 жылғы Азиадаға қатысатын ел құрамасы анықталды
22 шілдеде Қытайдың Ханчжоу қаласында нысана көздеуден Әлем кубогының кезеңі басталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Ханчжоудағы Әлем кубогы кезеңінде және кейінгі Азия ойындарында Қазақстан құрамасының сапында 16 спортшы сынға түседі. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының қола жүлдегерлері Александра Ле мен Ислам Сәтпаев та бар.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Ольга Довгуннің айтуынша, бұл жарыс Азия ойындары алдындағы дайындық деңгейін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
«Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан атынан Азия ойындарына қатысатын барлық спортшы бақ сынайды. Құрама тізімі толық бекітілген, енді ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Сондықтан бұл жарыстың маңызы зор. Біз әр спортшының өнерін саралап, Азия ойындарындағы жарыс үлгісін қалыптастырғымыз келеді. Сонымен қатар қандай тұстарды әлі де жетілдіру қажет екенін анықтап, ойындар алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынында сол бағытта жұмыс жүргіземіз», – деді бас бапкер.
Сонымен алдағы Әлем кубогы кезеңінде және Азия ойындарынжа ел намысын қорғайтын ел құрамасының тізімі келесідей: Александра Ле, Ислам Сәтпаев, Сәуле Әлімбек, Валерий Рахымжан, Елизавета Безрукова, Никита Чирюкин, Арина Малиновская, Кирилл Федькин, Эльдар Иманқұлов, Артемий Кабаков, Константин Малиновский, Валерия Попелова, Никита Шахторин, София Шульженко, Нина Старова, Кирилл Цуканов.
Қазақстан құрамасы қазір жоспарға сай дайындық жүргізіп жатыр. Басты мақсат - 2026 жылғы Азия ойындарында бабында болу.
«Жоспарланған жұмыс кестесіне сай дайындалып жатырмыз. Ешқандай күтпеген қиындық болған жоқ. Команда бұған дейінгі халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті. Енді кейбір тұстарды жетілдіріп, спортшыларды бабына келтіруіміз қажет. Бұл жұмыстарды Әлем кубогы кезеңінен кейінгі соңғы оқу-жаттығу жиынында жүргіземіз. Әзірге спортшыларды толық бабына келтіру әлі ерте. Себебі мұндай деңгейде ұзақ уақыт бойы өнер көрсету оңай емес. Сондықтан қазіргі дайындық барысы бізді толық қанағаттандырады. Қытайдағы жарыстан кейін қорытынды жасап, алдағы жұмыс бағытын нақтылаймыз», - деп түйіндеді бас бапкер.
Айта кетейік, Ханчжоудағы Әлем кубогы кезеңі 28 шілдеге дейін жалғасады. Ал нысана көздеуден алғашқы жарыстар 22 шілдеде басталады.
Еске салсақ, бокстан ел құрамасы U23 Азия чемпионатын алты алтын медальмен аяқтады.