Тағы екі шетелдік азамат Neo Nomad визасын иеленді

28 қаңтар, 2025
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Тағы екі шетелдік азамат Neo Nomad визасын иеленді
Фото: Туризм және спорт министрлігінен

Тағы екі шетелдік азаматқа заманауи көшпенділерге арналған Neo Nomad Visa берілді. Олардың бірі – Оңтүстік Корея азаматы, екіншісі – Сингапур тұрғыны. Бұл туралы Туризм жəне спорт министрлігі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сонымен қатар АҚШ азаматы да аталған визаны алуға ниет білдірген. Бүгінде оның өтініші қарастырылу үстінде.

Neo Nomad Visa әлемнің әртүрлі елдерінен келген саяхатшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл виза шетелдік туристерге мобильділікті сақтап, өзінің шетелдік компаниясында қашықтан жұмыс істеуге және Қазақстанда бір жылға дейін тұруға жол ашады.

Жаңа В12-1 визасын алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі елшілігіне немесе консулдық мекемелеріне жүгіну қажет. Атап өткен жөн, өткен жылы бірінші Neo Nomad визаны энергетика саласында еңбек ететін Ұлыбритания азаматы алды. Оны рәсімдеу үшін шетелдіктер Қазақстанның шетелдегі елшілігіне немесе консулдық мекемелеріне жүгіну қажет.