ШҚО-да 3 үлкен каналды реконструкциялау жоспарланып отыр – министрлік
Су ресурстары және ирригация министрлігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Күршім және Марқакөл аудандарында Жауғашты, Қарақия және Победа магистральды каналдарын реконструкциялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы филиал директоры Нұржан Әміржанов мәлімдеді. Бүгінгі таңда үш нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құжаттарды әзірлеу жұмысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі таңда топографиялық түсірілім, геологиялық және геодезиялық іс-шаралар аяқталды. Сондай-ақ, Зайсан ауданының Үйдене суару жүйесінің екі магистральды каналында автоматтандыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
Бұдан бөлек, биыл каналдар арқылы су беру сапасын жақсарту үшін Зайсан ауданындағы Қаратоғам магистральды каналында су көлемін есептеуге арналған су бекетін қалпына келтіру көзделген.
«Биыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Күршім, Зайсан және Тарбағатай аудандарының 43 шақырым каналын механикалық тазарту жұмысын жүргізді. Жыл басынан бері филиал каналдар арқылы 9 140 га суармалы жерге 36,7 млн текше метр су берді. Ол үшін шаруалармен 556-дан астам келісімшарт жасалды», - деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Нұржан Әміржанов.