00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Қарағанды облысында жыл басынан бері 445 кг есірткі тәркіленді

12 қараша, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Қарағанды облысында жыл басынан бері 445 кг есірткі тәркіленді
фото: Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінен

Қарағанды облысында жыл басынан бері 332 есірткі қылмысы анықталып, 445 кг есірткі тәркіленді. Екі жерасты фотолабораториясы жойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде есірткі бизнесімен айналысқандардың қызметі тоқтатылып, жылдық қаржы көлемі 2,5 млрд теңгеден асқан 16 күдікті ұсталды. Аймақ аралық штабтың отырысында есірткіге қарсы саясат қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатқандығы айтылды. Кеңесте мемлекеттік органдардың өкілдері облысты есірткіден таза аймаққа айналдыру үшін тағы қандай шаралар қабылдау керектігі талқыланды.

Полицейлер наркограффити-мен күрес жүргізуде.

«Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Балқаш қалаларында еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың қолдауымен «СТОП-граффити» ұранымен ауқымды акциялар өткізілді. 2024 жылдың 16 қазанына дейін 410 рейд жүргізіліп, 11 902 наркограффити бояп тастады», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров.

Заманауи технологиялар дәуірінде қылмыскерлер есірткіні тарату үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді көбірек пайдаланады. Облыстық полиция департаменті өкілдері есірткіні жарнамалайтын 177 сайт пен парақшаны бұғаттады.

Отырыста есірткіден емдеу мен оның алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жақын арада облыстық психикалық денсаулық орталығында газды хроматограф жұмыс істей бастайды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова бұл құралдың көмегімен адамның ағзасында 100-ден астам есірткі түрін анықтауға болатынын айтады.

Аймақ басшысы есірткіге қарсы профилактика жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде қолжетімді формада жүргізілуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ, ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екендігін ескертті.

«Полиция қызметкерлері қала және аудан әкімдерімен бірге үнемі аулаларды аралап, есірткіні жарнамалайтын орындарды алдын ала анықтауы қажет. Денсаулық сақтау басқармасы мектеп оқушылары мен студенттер арасында үнемі скрининг ұйымдастыруы тиіс. Облыстық диспансер жанынан анонимді кеңес беретін консультациялық орталық ашу қажет. Аймақта есірткіге қарсы күрестің негізгі мақсаты – қоғамды есірткіге тәуелділікпен күресуге шақыратын қоғамдық қозғалыс құру керек. Қарағанды облысы есірткіден таза аймаққа айналуы тиіс», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.