Бакуда Қазақстанның сауда павильоны ашылды

Бүгін, 18:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бакуда Қазақстанның сауда павильоны ашылды
Фото: Сыртқы істер министрлігінен

Бакудағы Түркі сауда орталығында Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның сауда павильонының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел, Қырғызстан мен Түрікменстан елшілері, Әзербайжанның шағын және орта бизнесті дамыту агенттігінің (KOBIA) төрағасы Орхан Мамедов, Қазақстан-Әзербайжан Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Дәурен Бимов, Түркі сауда орталығының директоры Йылмаз Окуклу, Парламент депутаттары мен журналистер қатысты.

Ә.Байел өз сөзінде:

«Бүгінде жаһандық геосаяси және геоэкономикалық трансформация жағдайында өңіріміздің рөлінің артып келе жатқанын көріп отырмыз. Түркі әлемі халықаралық аренада маңызды ойыншы бола алады және болуға тиіс. Әрине, кез келген одақ, кез келген интеграция берік экономикалық іргетасқа негізделуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай бастамалар өте қуантады. Оның үстіне, олар төменнен жоғары қарай дамуда – яғни көбінесе біздің кәсіпкерлердің ұсыныстары негізінде және тиісті құрылымдардың қолдауы арқасында», – деді.

Түркі сауда орталығы Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдерінің кәсіпкерлеріне өз өнімдерін таныстыру, іскерлік байланыс орнату және халықаралық нарықтарға шығу үшін тұрақты алаң ұсынады. Павильондар ТМҰ елдерінің ұлттық тауарларын, қолөнер бұйымдарын және гастрономиясын паш ететін мәдениет және сауда алаңдары ретінде құрылған. Әр елдің мәдениетін көрсететін дәстүрлі дизайн мен атмосфераға ерекше көңіл бөлінген.

О.Мамедов аталған сауда алаңдарының түркі елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастық және тауарлар мен қызметтер алмасудағы маңыздылығын атап өтті. Кәсіпкер Д.Бимов осы бастама беріп отырған мүмкіндіктерге назар аударып, әдетте кәсіпкерлер еңсеруі керек кедергілердің көп бөлігі бұдан әрі сауда павильондары арқылы реттелетінін айтты.

Іс-шара барысында түркі халықтарының дәстүрлі тағамдары ұсынылған ұлттық сарында безендірілген киіз үйлер де таныстырылды.

Сонымен қатар аталған іс-шара аясындағы концерттік бағдарламада қазақ білімгерлерінің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары мен көрнекті композитордың 100 жылдығына арналған презентация ұсынылды.