Жеті баласына алимент төлемеген әйел жауапқа тартылды


Шығыс Қазақстан облысында жеті баласына алимент төлемеген әйел жауапқа тартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2025 жылғы 10 сәуірде заңды күшіне енген Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкіміне сәйкес, әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы – «Балаларды күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша кінәлі деп танылды.
Сот оған бір жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Жиналған берешек сомасы шамамен 10 миллион теңгені құрады. Бұл қаражат жеті кәмелетке толмаған баланы асырауға арналған болатын. Ұзақ уақыт бойы олардың құқықтары мен мүдделері бұзылып келген.
– Осы жылдың басынан бері ШҚО полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері алимент төлеуден қасақана жалтару фактілері бойынша сотқа тоғыз қылмыстық іс жолдады. Оның сегізі бойынша айыптау үкімдері шығарылды, – деді ШҚО ПД Анықтау басқармасының бастығы Арман Үмітов.
Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастырады: әрбір бала құқығының бұзылу фактісі заң аясында тиісті бағасын алады.



