Агенттік кеңесі: Алаяқтар атыңызға несие ресімдеуіне қалай жол бермеуге болады

Агенттік кеңесі: Алаяқтар атыңызға несие ресімдеуіне қалай жол бермеуге болады
Фото: pexels.com

Алаяқтар азаматтардың атына қашықтан несие ресімдеу үшін әлеуметтік инженерия әдісін белсенді пайдалануда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осыған жол бермеу әдістерін санамалап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведмоствоның Сыртқы коммуникациялар басқармасына сілтеме жасап.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Қаскүнемдер алдау үшін түрлі сценарий қолданады, алайда олардың мақсаты өзгермейді, ол – кредит ресімдеу не ақша ұрлау үшін мобильді құрылғыға немесе банк сервисіне қол жеткізу.

Барынша кең тараған схемаларға төмендегі схемалар жатады.

«Қарсы», «техникалық» немесе «қорғаныш» кредит  

Әдетте, алаяқтық схема SMS арқылы келген растау кодын хабарлау туралы өтінішпен өзін байланыс операторының немесе өзге де ұйымның қызметкері ретінде таныстыратын адамның қоңырау соғуынан басталады. Содан кейін оған өзін банк, құқық қорғау органдары немесе мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстыратын адамдардан қоңырау түседі. Олар азаматтың атына кредит рәсімдеу әрекеті не банктегі шот бойынша күдікті операция жасалғанын хабарлайды.

Алаяқтық әрекеттердің алдын алу, рұқсат етілмеген өтінімнің күшін жою немесе қолма-қол ақшаны қорғау сияқты сылтаумен қаскүнемдер азаматты «техникалық», «қарсы» немесе «қорғаныш» деп аталатын кредит алуға көндіреді. Сенімге ие бола отырып, алаяқтар азаматты биометриялық сәйкестендіруден өтуге және мобильді қосымшада қажетті операцияларды растауға итермелейді. Сондай-ақ, олар экранды көрсетуді, бейнебайланысты қосуды не олардың нұсқауын орындау үшін екінші мобильді құрылғыны пайдалануды талап етуі мүмкін.

Нәтижесінде азамат өз әрекетінің салдарын түсінбей, кредитті өз бетінше ресімдейді. Қарыз қаражатын алғаннан кейін оны ақшаны «қауіпсіз», «резервтік» немесе  «арнайы» деп аталатын шотқа аударуға көндіреді. Шындығында, ақша алаяқтардың бақылауындағы шотқа түседі, ал қарызды өтеу жөніндегі міндеттеме азаматқа жүктеледі.

«Жеңілдікпен» кредит беру схемасы

Қаскүнемдер мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілері үшін жеңілдетілген немесе ерекше жағдайда кредит алуға жәрдемдесуді ұсынады.

Мұндай кредитті ресімдеу үшін азамат қосымшаны орнатуға, биометриялық сәйкестендіруден өтуге, мобильді құрылғыға қол жеткізуге немесе банктің немесе МҚҰ мобильді қосымшасына кіру үшін деректерді беруге сендіреді. Қаржылық сервистерге қол жеткізе отырып, қаскүнемдер онлайн несие ресімдейді және ақшаны үшінші тұлғаның бақылауындағы шотқа аударады.

Көбінесе азамат кредиттің бар екендігі туралы берешек туралы хабарламасы түскеннен немесе кредитор жүгінгеннен кейін ғана біледі.

Неден секемдену қажет?

Мыналар алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін:

- алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін-мыс «техникалық», «қарсы» немесе «қорғайтын» деп аталатын кредиттерді рәсімдеу талаптары;

- қосымшаны мобильді телефонға шұғыл түрде орнату талаптары;

- экранның көрсетуін, бейнебайланысты қосу не екінші мобильді құрылғыны пайдалану туралы өтініштер;

- үшінші тұлғалардың нұсқауы бойынша биометриялық сәйкестендіруден өту талаптары;

- психологиялық қысым, қорқыту немесе бәрін жедел жүргізу талабы;

- жеңілдетілген, арнайы немесе өзге де ерекше жағдайда кредит алуға жәрдемдесу ұсынысы;

- қарыз алушының қаржылық жағдайына қарамастан, кредитті кепілдендірілген мақұлдау туралы уәделер;

Есте сақтау керек: банктердің, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларды кейіннен жою үшін кредиттер ресімдеуді, қосымшалар орнатуды, банктің немесе МҚҰ телефонына немесе мобильді қосымшасына қашықтан қол жеткізуді, сондай-ақ мобильді құрылғы экранын көрсетуді талап етпейді.

Бұдан басқа, ерекше шарттарда жеңілдікті кредит алуға жәрдемдесуге уәде беретін үшінші тұлғалардың ұсынысына сенбеу керек. Қарыз беру туралы шешімдерді белгіленген тәртіппен қаржы ұйымдары ғана қабылдайды.

Өзіңізді қалай қорғай аласыз?

Ұсыныс:

SMS және push-хабарламалардағы кодты ешкімге бермеу;

белгісіз тұлғалардың нұсқауын телефон арқылы, мессенджер немесе әлеуметтік желі арқылы орындамау;

белгісіз адамдардың өтініші бойынша қосымшаны орнатпау;

телефонды бөгде адамға бермеңіз;

банктің немесе МҚҰ-ның мобильді қосымшасын пайдалану кезінде экранды көрсетпеу және бейнебайланысты қоспау;

белгісіз тұлғаның нұсқауы бойынша екінші мобильді құрылғыны пайдаланбау;

күрделі құпиясөзді және екі факторлы аутентификациялауды қолдану;

банктің немесе МҚҰ-ның хабарламасын және несие тарихын үнемі тексеріп отыру;

«Стоп-кредит» сервисін пайдалану;

күмән туындаған жағдайда ресми байланыс арқылы банкпен немесе МҚҰ-мен дербес байланысу.

Кредит ресімделіп қойған болса, не істеу керек?

Егер кредит сіздің атыңызға үшінші тұлғалардың ықпалымен немесе мобильді құрылғыға немесе банктік сервистерге қол жеткізуді басқаға беру нәтижесінде ресімделген болса, келесі сілтеме бойынша орналастырылған агенттіктің «Егер сіздің атыңызға алаяқтық кредит рәсімделсе не істеу керек?» атты жадынамасын оқып шығуды ұсынамыз. 

Еске салсақ, Астанада домбыра үйірмесін ұйымдастырушы оған қатысатын балаларды Дубайдағы байқауға апарамын деп ата-аналардан ақша жинап, алдап кеткен.