Жеңіс Қасымбек кәріз сорғы станциясының құрылысы қашан аяқталатынын айтты
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада нөсер және тазарту құрылыстарын салу маңызды бағыт екендігін мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елордада бірқатар инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүріп жатыр.
«Мәселен, Е32 («Нұра» ауданы) көшесінде кәріз сорғы станциясын (КСС) салып жатырмыз. Бұл ғимарат қуаттылығы тәулігіне 290 мың м3 болатын қаладағы ең өнімді станциялардың бірі болады. Оны іске қосу қаланың сол жағалау бөлігін су тарту жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал бұл тұрмыстық кәріз коллекторларының су басу және толып кету қаупін азайтады. Бұл нысанды осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Ж.Қасымбек.
Сонымен қатар қала әкімі осы жылдың соңына дейін Абай даңғылында кәріз сорғы станциясын пайдалануға беруді жоспарлап отырғандығын айтты. Бұл 80-ші жылдардағы тозығы жеткен желілер мен құрылыстарды қолданыстан шығаруға мүмкіндік береді. Бұл станция қаланың оң жағалауындағы тұрмыстық кәріз жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
«Нөсерлі кәріз жүйесін дамыту мәселесімен жүйелі түрде айналысамыз. Біз жауын-шашын кезінде ағын су жиналатын қаланың жекелеген учаскелеріндегі нөсерлі кәріз желілері мен құрылыстарының жарамдылығына байланысты нақты қиындықтарды шешеміз.
Биыл Ақбұлақ шағын ауданында нөсер кәрізінің тазарту құрылысын реконструкциялау жұмысын аяқтаймыз. Жоба аясында тазарту құрылыстарының өнімділігін тәулігіне 21 мың м3 дейін арттыру, сорғы жабдығын ауыстыру, жаңбыр суы ағынының тазарту жүйесін тиісті жағдайға келтіру жұмысы орындалатын болады. Бұл жобаны іске асыру Момышұлы даңғылында және т.б. орындарда су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді», - деді елорда әкімі.
Жалпы, қала бойынша 2024 жылы 24 км сумен жабдықтау желісі, 11 км тұрмыстық кәріз желісі салынды, сол сияқты 8,1 км сумен жабдықтау желісі, 2,1 км тұрмыстық кәріз желісі ауыстырылды және реконструкциялаудан өтті. Бұған қоса, 3 кәріз сорғы станциясы және 7,3 км нөсер кәрізінің магистральды коллекторы салынды.