00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығында мереке ұйымдастырылды

14 желтоқсан, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығында мереке ұйымдастырылды
Фото: Elordainfo.kz/Дильназ Бауыржанқызы

Мереке қарсаңында Өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне концерт ұйымдастырылып, сый-сияпат таратылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мұрындық болуымен өткен іс-шараға «Үркер» тұрғын алабының тұрғындары және «Үркер» аула клубының «Балауса» хоры бірлесе қолдау көрсетті.

«Бүгін балаларды қолдау орталығында Тәуелсіздік күніне, жалпы алда келе жатқан мерекелерге орай кішігірім концерт қойылып, мұндағы барлық бүлдіршіндерге үркерлік тұрғындар жинаған сыйлықтарды табыс еттік. Сонымен қоса мұндағы он бес бала «Үркер» тұрғын алабынан екенін айта кетейік. Игі істі ұйымдастыруға осы тұрғын алабының белсенді тұрғыны Алла Құжатаева көп еңбек сіңірді. Көлікпен көмектесіп, сыйлықтарды жинауға бастамашы болды.  Сондай-ақ тәтті салынған 75 сыйлық ұсынған кәсіпкер Зәуре Оспановаға және өзге де ойыншық, киім-кешек сияқты тарту-таралғыларды жинап, кішкентайларды қуантуға атсалысқан барлық «Үркер» тұрғын алабының тұрғындарына алғысымыз шексіз. Сыйлыққа ие болған балалардың қуанышында шек болмады. Осындай жақсы бастама басқа тұрғын алаптарда да жалғасын тапса деген тілегіміз бар», - деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.

Ол, сондай-ақ, іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат қала тұрғындарын жақсылық жасауға шақыру екенін атап өтті.