Келесі жылдан бастап бірнеше мемлекеттік емхана салынатын болады – Жеңіс Қасымбек
Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбектің Нұра ауданы тұрғындарымен кездесуінде аудан тұрғыны мемлекеттік емхана қажеттігі туралы мәселе көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, тұрғындар Қошқарбаев көшесі бойындағы емханаға немесе Көкталдағы медициналық ұйымға баруға мәжбүр. Кездесуде ол ауданда барлық құрал-жабдықтары бар емхана салынса екен деген тілегін айтты. Елорда әкімі бұл мәселенің оң шешімін табатынын жеткізді.
«20 тамызда Мемлекет басшысы қаладағы медициналық нысандарды аралаған болатын. Президент сол сапарында Республикалық онкологиялық аурухананы, Республикалық Жедел медициналық көмек көрсету орталығын ашты. Сондай-ақ біз «Самрұқ-Қазына» АҚ көмегімен 3-ші қалалық көпсалалы емхана салуға рұқсат алып, құрылысын бастадық. Бұған қоса Көкталда жаңа перинаталды орталық құрылысы жүргізіліп жатыр. Көктемде тағы біреуін саламыз. Қалада медициналық нысандар құрылысы қарқынды жүруде. Елорда болғасын аурухана кереуеттерінің 25 пайызы Қосшы, Талапкер, басқа да аудандардан, тіпті еліміздің түкпір-түкпірінен келетін науқастарға ұсынылып отыр. Өйткені елордада еліміздің озық медициналық ұйымдары жұмыс істейді. Сондықтан бұл жұмыстар жалғаса бермек. Келесі жылдан бастап бірнеше мемлекеттік емхана салынатын болады»,- деді Жеңіс Қасымбек.