Елордалық оқушылар Әлия Молдағұлованың ерлігі туралы дәріс тыңдады

15 сәуір, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордалық оқушылар Әлия Молдағұлованың ерлігі туралы дәріс тыңдады
Фото: ұйымдастырушылардан

Сәкен Сейфуллин музейінде Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Әлияның ерлігін есте сақтаймыз» тақырыбында дәріс өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» және Сәкен Сейфуллин музейі құрылымдық бөлімшесі ұйымдастырған іс-шараға №3 мектеп-гимназия оқушылары қатысып, батырдың қысқа ғұмырында жасаған ерен ерлігімен танысты.

«Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай музейдің жылдық жоспары аясында өткізіліп отырған іс-шарамыздың мақсаты -  жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, Отан үшін жанын қиған батыр қыздың өмір жолы мен ерлігін насихаттау, оның өнегелі істерін үлгі ете отырып, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру. Бұл дәрісте Әлия Молдағұлованың майдандағы фотосуреттері мен мәліметтерден қамтылған слайдтар көрсетілді. Батыр қыздың небәрі бір жыл, 1943-1944 жылдары майданға қатысқан қысқа өмірі туралы айтылады. Оның ерлігі, қанша жауыздың көзін құртқаны жөнінде деректер келтіріледі. Жалпы, Отан соғысындағы снайперлердің маңызды рөлі жөнінде айтылды. Сондай-ақ батыр қыздың туып-өскен жері, оқыған орны туралы балаларға кеңінен мағлұматтар беріледі», - деді музейдің тарихи-мәдени мұра және экскурсиялық-көрме жұмысы бөлімінің басшысы Қарлығаш Жұмаханова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараға 30 шақты оқушы қатысты.   

Айта кетейік, Әлия Молдағұлова — Ұлы Отан соғысының қаһарманы, мерген қыз. Оның батылдығы мен Отанға деген адалдығы туралы естеліктер -  болашақ ұрпаққа тәлім, нағыз құнды қазына.