“Астана Тазалық” ЖШС мен “Хабар агенттігі” “Таза Қазақстан” акциясына қатысты


Елордада «Астана Тазалық» ЖШС мен «Хабар» Агенттігі бірлесіп ұйымдастырған сенбілік өтті. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында және Жұмысшы мамандықтар жылы мен «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына орай өткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Шараның маңызды сәттерінің бірі – екі ұйым арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы болды. Бұл қадам экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және табиғатқа ұқыпты қарау құндылықтарын насихаттауға бағытталған.
Қол қойылған меморандум жұмысшы мамандықтарының, атап айтқанда – коммуналдық және экологиялық қызметкерлердің мәртебесін арттыруға бағытталған. Бұл мамандар күнделікті қалалардағы тазалық пен жайлылықты қамтамасыз етіп, көбіне қоғам назарынан тыс қалып жатады.
Саланың жетекші кәсіпорындарының бірі – 2000-нан астам қызметкері бар «Астана Тазалық» компаниясы. Кәсіпорын 500-ден астам арнайы техникамен жабдықталған және күн сайын қаланы тазалау жұмыстарын атқарады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында биыл Астанада бір миллионнан астам жасыл желек отырғызу жұмыстары кең ауқымда жүргізілуде. Біз қаланы жай ғана көгалдандырып жатқан жоқпыз – біз экологиялық мәдениеттің негізін қалап, болашақ ұрпаққа табиғатқа құрметпен қарауды үйретудеміз. Қоршаған ортамен үйлесімде өмір сүру – бұл бүгінде таңдау емес, қазіргі заманның өмірлік қажеттілігі», – деді «Астана Тазалық» ЖШС Бас директоры Замир Сағынов.
Акция аясында еліміз бойынша 4,5 миллионнан астам көшет отырғызылып, 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Жалпы қатысушылар саны 4 миллионнан асты.
«Хабар» Агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша:
«Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» акциясы – жай ғана экологиялық науқан емес, бұл – сана-сезімді оятып, халықты біріктіретін жалпыхалықтық қозғалыс. Табиғатты қорғау – бұл енді таңдау емес, азаматтық борыш. «Хабар» Агенттігі елордамызды көгалдандыруға нақты үлес қосуда. Біз жай ғана ағаш отырғызып жатқан жоқпыз – біз болашаққа деген үмітті тамырландырудамыз. Агенттіктің 30 жылдығын осындай игі іспен бастау – ел мен халыққа қызмет етуге деген адалдығымыздың дәлелі».
Сенбілік барысында қатысушылар 100 ағаш – 50 жөке және 50 тау жаңғағын отырғызып, елордалық саябақтардың бірінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Іс-шара экологиялық флешмобпен және викторинамен аяқталып, қатысушылар өз білімдерін сынап, естелік сыйлықтарға ие болды.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, ортақ іске қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табыстады. Бұл акция – таза әрі экологиялық жауапты Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам болды.