AMANAT партиясының белсенділері ғимаратқа Мемлекеттік Ту ілді
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында AMANAT партиясы Орталық аппаратының ғимаратында көлемі 24-те 12 метрді құрайтын Мемлекеттік Ту ілінді. Дәл осындай көлемді Ту ғимараттың қасбетіне алғаш рет ілінуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Партиялықтардың айтуынша, аспан түстес көк байрақ адамдардың бойында патриотизм мен өз еліне деген мақтаныш сынды ең ізгі сезімдерді оятады.
AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты осымен 3 жыл қатарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын насихаттауға бағытталған «Менің Елім – менің Туым» акциясын өткізіп келеді. Биыл акция аясында ел аумағында 10 мыңнан астам Мемлекеттік Ту ілінеді. Оған депутаттар, қоғам қайраткерлері, белсенді жастар және барша ниет білдіруші адамдар қатысады.
«Жастар рухының» төрағасы Ақерке Искандерова бұл акция 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған мемлекеттік егемендік туралы Декларация Тәуелсіздігіміздің бастауы болғанын еске салуға арналғанын атап өтті.
«Белсенділеріміз ел аумағындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға көк байрағымызды ілуде. 25 қазанға дейін бас-аяғы 10 мыңнан астам Ту ілу жоспарланып отыр. Аталған акцияның басты мақсаты – ел азаматтары арасында патриоттық сезімді ояту. Мемлекеттік Туымызға қараған сайын кеудемізді өз елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Біз Туды AMANAT партиясының ғимаратына ілдік. Ол түрлі мәдени іс-шараларда, ұлттық құрамаларымыздың матчтарында, тіпті жуырда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен Димаш Құдайбергеннің концертінде желбіреді. Көк байрағымыз елорданың қақ ортасында 25 қазанға дейін ілініп, ел тұрғындарын қуантады», – деді ол.
Айта кетейік, акцияға барлық ниет білдіруші азамат қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілерде #republicday #меніңтуым, #меніңелімменіңтуым хэштегтерімен Мемлекеттік Ту аясында түскен өз фотосуретіңізді немесе отбасыңыздың фотосуретін орналастыру жеткілікті.