Пәтер мен қымбат көлік ойнатуды шектеу: Серік Жұманғарин блогерлерге қатысты мәлімдеме жасады

31 наурыз, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Пәтер мен қымбат көлік ойнатуды шектеу: Серік Жұманғарин блогерлерге қатысты мәлімдеме жасады
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Үнзила Шапақтың әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізудің заңсыздығына қатысты сұрауына жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Депутаттар өткен жылы лотереяларды заңсыз ұйымдастыру және бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны бойынша 106 факт анықталып, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 46 миллион теңгеден астам айыппұл салынғанын, әйтсе де әлеуметтік желілердегі заңсыз лотерея белсенділігі әлі де жоғары деңгейде сақталып отырғанын айтты. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде үнемі сәнді өмір салтын көрсетіп, «қоғамда оңай ақша табуға болады» деген ой қалыптастырып жүрген блогерлердің бірқатары салық мәдениетіне салғырт қарап отырғандарын, сондықтан олардың арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, ұтыс ойындарын өткізуде заңсыздықтардың орын алмауы үшін бақылау орнату қажеттігін қаперге берген болатын.

«Халықты және блогосфера өкілдерін контентті тарату кезінде заңнаманы сақтау қажеттілігі туралы хабардар ету мақсатында Цифрлық ортадағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Іс-шаралар «Заң және тәртіп» медиа-жоспары шеңберінде жүзеге асырылады және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және әлеуметтік желілерде бұзушылықтардың (заңсыз лотереялардың, жалған тренингтердің және күмәнді акциялардың алдын алуға) жол бермеуге бағытталған», - деді Серік Жұманғарин.

Ол мәдениет және ақпарат министрлігі ақпараттық өрістің ашықтығын қамтамасыз ету және алаяқтық схемалардың алдын алу үшін Instagram, TikTok, Meta әлеуметтік желілерімен белсенді түрде өзара әрекеттесетінін атап өтті.

«Цифрлық ортадағы заңсыз әрекеттердің заңнамалық талаптары мен ықтимал салдары туралы ақпараттық материалдар таратылуда. Бұзушылықтарды анықтау және жедел ден қою шараларын қабылдау мақсатында интернет-кеңістіктің тәулік бойы мониторингі жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылдың басынан бастап мониторинг барысында 1870 интернет-алаяқтық фактісі анықталды, оның ішінде әлеуметтік желілерде 389 факт, 1480 интернет-ресурстар мен сілтемелерге қолжетімділік шектелді, интернет-казино қызметі бөлігінде 8 616 факт, оның ішінде әлеуметтік желілерде 6 399 факт, 2 195 интернет-ресурс анықталды,- деп түсіндірді вице-министр.

Ол заңнамаға сәйкес, Қазақстанда белгіленген тәртіппен ұйымдастырылатын лотереялардан өзге лотереяларды өткізуге тыйым салынатынын тыйым салынатынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда лотерея операторы «Сәтті Жұлдыз» АҚ болып табылады, оған лотереяларды 15 жыл мерзімге өткізу құқығы берілді», - деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяларды реттеу комитеті лотереяларды заңсыз ұйымдастыратын адамдарды жауапқа тартады. Құқық бұзушыларға қатысты құқық бұзушылықтар нәтижесінде алынған кірістерді тәркілей отырып, 100-ден 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұлдар көзделген. Мәселен, 2024 жылғы ақпаннан бастап комитет Қаржы мониторингі агенттігінің қолдауымен 113 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, оларға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асты.

«Бұл бағыттағы жұмыс Үкімет бақылауында және әрі қарай жалғасады», - деді Серік Жұманғарин.