Қарлагтың құпиясы әлі толық ашылған жоқ – Төрехан Майбас

Бүгін, 10:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қарлагтың құпиясы әлі толық ашылған жоқ – Төрехан Майбас
Фото: Төрехан Майбастың жеке мұрағаты

ХХ ғасыр басында Қазақстан аумағы ГУЛАГ жүйесінің ірі лагерлеріне айналған қасіретті мекендердің бірі болды. Сол зұлмат дәуірдің ең ауыр ошақтарының бірі – Қарлаг болатын.  Мыңдаған тағдырды тәлкекке салып, талай шаңырақтың шырағын өшірген бұл лагерь қазақ тарихындағы қаралы кезеңнің символына айналды. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай біз Қарлагтың тарихы, оның халық жадындағы орны мен зардабы туралы қоғам қайраткері, жазушы-этнограф, өлкетанушы, шежіреші Төрехан Майбастан сұраған едік, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Жазушы-этнографтың айтуынша Қарлаг туралы бүгінге дейін аз жазылған жоқ.

«Бұл тақырыпта Қазақстанда да, шетелде де көптеген зерттеулер мен кітаптар жарық көрді. Дегенмен, Қарлаг тарихы толық зерттеліп болды деуге әлі ерте. Себебі архив қорлары түгелдей ғылыми айналымға енген жоқ, сондықтан бұл тақырып әлі талай зерттеуді қажет етеді. Жалпы, Қарлаг Қазақстанда кездейсоқтан пайда болмаған. Оның негізінде кеңестік репрессиялық жүйенің басты құралы болған ГУЛАГ жатты. Қарлаг – сол ГУЛАГ жүйесінің бір тармағы, тіпті халықтар түрмесіне айналған құрылым болды. Мұнда КСРО құрамындағы көптеген ұлт өкілдері қамалды. Кеңес өкіметі бұрын «жау» деп қылмыскерлерді, сатқындарды айтса, кейін бұл ұғымның мазмұнын өзгертіп, елдің оқығандарын, зиялы қауым өкілдерін «халық жауы» деп жариялады. Шын мәнінде, олар халықтың қамын жеген азаматтар еді. Бірақ қызыл үкімет оларды жау көрсетіп, жаппай қуғын-сүргінге ұшыратты. Соның салдарынан атышулы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы кеңінен қолданылды. Бұл бап «сатқындық» пен «опасыздыққа» арналған еді және оған іліккендердің көпшілігі аман қалмады. Ең үлкен қайшылықтың бірі – қазақ азаматтарының Қазақстанның кодексінде болмаған баппен, яғни РСФСР-дың 58-бабымен сотталуы болды», - дейді Төрехан Майбас.

Оның сөзінше, Қарлагты салу жоспары ерте ойластырылған, сол секілді Қарағанды өндірістік аймағын дамыту да алдын ала дайындалған саясат болатын.

«Ашаршылық жылдары Қарағанды өндірісі тоқтамады. Аштықтан аман қалуды көздеген қазақтар осы өңірге ағылды. Алайда 1934 жылы аштықтан босқан қазақтарды Қарағандыға кіргізбеген жағдайлар да болған. Сол кезеңде шахталарға төрт мың жұмысшы қажет болып, жұмыс күші Украинадан әкелінді. Кейбір деректерде аштықтан қашып келген қазақтардың қарумен атылғаны туралы мәліметтер кездеседі. Бұл мәселелер бойынша зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ал Қызыл үкімет Қазақстан аумағында ірі ГУЛАГ жүйесін құруды көздеді. Оған Сарыарқа өңірі таңдалды. Бұл да кездейсоқ шешім емес еді. Себебі Сарыарқа – Ресей ықпалы ерте жеткен, қоныс аударған переселендер орныққан аймақ болатын. Кеңестік саясат жергілікті қазақ халқын шұрайлы өңірлерден ығыстырып, олардың орнына өзге күштерді орналастыруды мақсат етті», - дейді ол.  

Қарлагта негізінен қазақтың оқығандары, зиялылар көп қамалды. Олар тек отырып қоймай, көбі «үштік» үкімімен атылды. 

«Бұл үкімдердің заңдық негізі болмағанымен, сол арқылы мыңдаған адам жазықсыз жазаға тартылды. Қарлаг қазақ халқының Бухенвальді болды. Лагерьдің негізгі құрбандары қазақтар болғанымен, оны бүркемелеу үшін басқа ұлт өкілдері де қамалды. Иә, Қарлаг ешкімді аямады. Тіпті, кейін түрменің өз қызметкерлері, басшылары қуғынға ұшырап, атылған. Қарағанды маңындағы Спасск лагері – сол зұлматтың куәсі. Онда атылғандардың денелері жерленіп, бүгінде бауырластар зираты орналасқан. Жыл сайын 31 мамыр күні Қазақстан азаматтары мен түрлі халық өкілдері сол жерге барып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. Бұл жерде қазақтармен бірге орыстар, жапондар, кәрістер, немістер де жерленген. Алайда осы мәселеге байланысты бір сауал туындайды. Бауырластар зиратында жазықсыз құрбандармен бірге сол репрессияны ұйымдастырған жүйенің өкілдері де жатыр. Сондықтан мұндай орындарға құрмет көрсету барысында тарихи әділет пен адами таным мәселесін терең ойлану қажет», - дейді жазушы.

Оның айтуынша, Кеңес үкіметі Кеңес Одағынан шалғай орналасқан Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан секілді республикаларда ұлтсыздандыру саясатын қарқынды түрде жүргізген. 

«Бұл бағыттағы репрессиялық әрекеттер 1916 жылдан бастау алады. Кеңес билігі көптеген ұлт азаттық қозғалыстарының өкілдерін «басмашылар» деп айыптап, оларды аяусыз қудалады. Алайда олар шын мәнінде өз халқының азаттығы үшін күрескен ұлт батырлары еді. Мысалы, Арқа өңіріндегі Боқты көтерілісі. Қарқаралы маңында болған бұл көтерілісте қарулы қарсылық ұйымдастырылып, қызыл үкіметтің ұшағы атып түсірілген болатын. Осы оқиғадан соң көтеріліске қатысқан азаматтар қуғынға ұшырап, олардың бір бөлігі Ақтоғай арқылы өтіп, басмашылар қозғалысына қосылып кеткен. Қазіргі архив материалдарында бұл оқиғалардың ізі сақталғанымен, зерттеушілер оның толық деректерін әлі нақтылай алмай келеді. Сондай-ақ Ақтоғай өңірінде 1931 жылы болған көтеріліс туралы да мәліметтер кездеседі. Бұл көтеріліс ОГПУ билігіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыстың бірі болғаны айтылады. Алайда осы көтеріліс жөніндегі деректер әлі толық зерттелмеген. Тіпті Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістерге арналған энциклопедиялық еңбектерде де бұл оқиға қамтылмай қалғаны таңғалдырады. Мұның себебі мен мәнін бүгінге дейін нақты түсіндіру қиын болып отыр», - дейді Төрехан Майбас.