Референдум-2026

Қарағандылық құсбегі үйінде Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құсты заңсыз ұстаған

Қарағандылық құсбегі үйінде Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құсты заңсыз ұстаған
Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Қарағандыдағы заңсыз тәлімбақтан Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құс алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Павлодар облысы бойынша департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз иемдену және ұстау фактісі бойынша жергілікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

«Күдікті 2017 жылдан бастап «Құсбегілік» федерациясының және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі бола отырып, Қарағанды қаласындағы үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.

Аңшылық, қыран құстарды күтіп-баптау және емдеу тақырыбына арналған Instagram парақшасы арқылы ол табиғи мекендеу ортасынан заңсыз алынған сирек жыртқыш құстарды жеткізіп беретін адамдармен байланыс орнатқан», делінген хабарламада.

Күдіктінің үйінен 35 жыртқыш құс тәркіленді. Олардың қатарында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген ителгі, бүркіт және лашын секілді құстар бар.

Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта құстар уақытша Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында орналастырылды. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи ортаға жіберіледі.