Референдум-2026

«Басы тоңазытқыштан табылды»: Ақтөбеде жоғалған ер адамға қатысты аса ауыр қылмыстың беті ашылды

Бүгін, 12:25
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Басы тоңазытқыштан табылды»: Ақтөбеде жоғалған ер адамға қатысты аса ауыр қылмыстың беті ашылды
Фото: Magnific.соm

Ақтөбе облысының Хромтау қаласында полицейлер хабар-ошарсыз кеткен ер адамның жоғалуына байланысты аса ауыр қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылғы 11 қазанда жергілікті тұрғын әйел күйеуінің бір аптаға жуық уақыт бойы байланысқа шықпай, үйіне оралмағаны туралы полицияға хабарлаған.

Осыдан кейін жедел-тергеу тобы құрылып, ер адамды іздестіру және оның жоғалуына қатысты барлық ықтимал мән-жайды анықтау жұмыстары басталды.

Полицейлер із-түзсіз кеткен азаматтың араласатын ортасын мұқият зерделеп, туыстарынан, таныстарынан, көршілерінен және әріптестерінен жауап алды. Сондай-ақ оның болуы мүмкін деген орындардың барлығы тексерілді.

«Тергеу барысында тәртіп сақшылары ер адамның екі танысын анықтады. Олардың тұрғылықты мекенжайларын тінту кезінде қылмысқа қатысы барын дәлелдейтін айғақтар табылды. Бұдан кейін күдіктілер жасаған қылмыстарын мойындады», - деп хабарлады Ақтөбе облысының Полиция департаментін.

Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажетті дәлелдемелерді жинаған соң қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сот үкімімен айыпталушылардың бірі адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Екінші айыпталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Полицияның хабарлауынша, мәйіттің басы күдіктілердің үйіндегі тоңазытқыштан табылған.

Ведомство адам жоғалғаны туралы әрбір хабарлама полиция тарапынан дереу қаралатынын атап өтті. Адамдарды іздестіру және қылмыстардың бетін ашу үшін барлық қажетті күш пен құрал жұмылдырылады.

Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы төрт адамды аса қатыгездікпен өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгені туралы жаздық.