Атыраудағы отбасы өлімі: Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында төрт адамды аса қатігездікпен өлтiргені, ұрлық жасағаны, бірнеше рет ірі мөлшерде алаяқтық, мал ұрлығын жасағаны үшін айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Атырау облыстық сотына сілтеме жасап.
Сот 2025 жылдың мамыр, қараша айларында Атырау тұрғыны С.Сәрсемәлиев араларындағы жағымсыз қарым-қатынас негізінде төрт жәбірленушіге (бұрынғы зайыбының туыстары, олардың біреуі дәрменсіз күйде болған) көптеген пышақ жарақаттарын салғанын анықтады. Олар алынған жарақаттар салдарынан қайтыс болған. Сәрсемәлиев қылмысты жасыру мақсатында мәйіттерді жерлеген.
Одан бөлек:
- жәбірленушідердің банктік карталарын, алтын әшекейлерін, телефондары мен жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам қолма-қол ақшаларын ұрлап, олардың жеке куәліктерін алып, банктік қосымшаларына қол жеткізген, олардың атына несие рәсімдеп және 4 млн теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған, жәбірленушілердің зейнетақы төлемдерін алып отырған,
- жәбірленушілердің атынан ауыл тұрғындарымен хат алмасып, оларға тиесілі ірі қара және ұсақ малдарды сатқан.
Қылмыс жасау барысында бұрынғы зайыбы М. психикалық ауытқуларға байланысты болып жатқан оқиғаны түсінбегені анықталды.
Сәрсемәлиевтің кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, сот сараптамалары қорытындыларымен, бейнежазбалармен, өзінің кінәсін мойындау жауаптарымен дәлелін тапты.
«Сот шешімімен ол барлық тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, оның қылмыстар жиынтығын жасағаны, соның ішінде аса ауыр қылмыстар жасағаны ескеріліп, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Жәбірленушілердің пайдасына 40 млн теңге моральдық залал өтемақысы, мемлекеттік орган пайдасына заңсыз алынған жәрдемақылар мен зейнетақы төлемдері өндірілді», делінеді хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, күдікті Индонезияда ұсталған болатын.
Сондай-ақ Атырау облысындағы із-түссіз жоғалған 4 адамға қатысты істің мән-жайы ашылған еді.