Атырауда адам өліміне қатысты күдіктінің Индонезияда ұсталған видеосы жарияланды

Атырауда адам өліміне қатысты күдіктінің Индонезияда ұсталған видеосы жарияланды
Фото: Telegram/POLICE_of_KZ

Ішкі істер министрлігі Атырау облысындағы екі адамның өліміне қатысты іс бойынша күдіктінің ұсталған видеосын жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды ұстаған болатын. Бұрынғы әйелі онымен бірге болған», делінген хабарламада.

Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке алынған. 
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы қараша айында Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді қораның ішіне көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.

Қазіргі уақытта оларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.