Атыраудағы қылмыс: Із-түссіз жоғалған 4 адамға қатысты істің мән-жайы ашылды

Атыраудағы қылмыс: Із-түссіз жоғалған 4 адамға қатысты істің мән-жайы ашылды
Фото: ІІМ

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында іс-түссіз жоғалған отбасыға қатысты қылмыс ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адамның, 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың балалары - 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түсті.

Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Төртеуі де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

«Былтыр желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жүргенін айтты. Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әр түрлі жерлерден көмілген күйде табылды», - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

6 қаңтарда тергеу барысында қора ішінен ерлі-зайыптының мәйіті табылды. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, балаларын іздестіру жалғасты.

Қылмыс жасады деген күдікпен халықаралық іздеуге 29 жастағы ер адам, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласы жарияланды. Онымен бірге халықаралық іздеуге ерлі-зайыптының кіші қызы да берілді. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

«Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезиядағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдегі аралдың бірінде Атырау облысындағы қылмысқа күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Қанат Нұрмағамбетов.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кіші қызы да анықталды. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындады. Оның көрсетуімен жедел-тергеу тобы қосымша тергеу әрекетін жүргізді. Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіті табылды.

«Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде, іс министрліктің бақылауында», - деді Қанат Нұрмағамбетов.

Қазіргі уақытта тергеу аяқталған жоқ және ерекше бақылауға алынды. Сондай-ақ отбасының кіші қызының бұл іске қатыстылығы тексеріліп жатыр. Оның психикалық жағдайын анықтау мақсатында ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберілді.