Референдум-2026

Астанада қоғамдық орындарда қайыр сұрауға қатысты бақылау күшейтілді

Бүгін, 12:38
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада қоғамдық орындарда қайыр сұрауға қатысты бақылау күшейтілді
Фото: Magnific.соm

Астана полициясы қайыр сұраудың алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмысты күшейтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Астана қаласының полиция қызметкерлері қайыр сұраудың, сондай-ақ қоғамдық орындарда азаматтарға тиісіп, мазасын алудың өзге де фактілерінің алдын алу және жолын кесу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс барысында адамдар көп жиналатын, мұндай құқық бұзушылықтар жиі кездесетін орындарға ерекше назар аударылады.

«Өтіп бара жатқан азаматтардан ақша сұрау, түрлі қызметтерді күштеп ұсыну, бал ашу, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайтын адамдардың тауарларды сату, сатып алу немесе айырбастау мақсатында азаматтарға тиісіп жүгінуі әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады», - делінген хабарламада. 

Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарды қайыршылықты қолдамауға шақырады. Осындай фактілерге куә болған жағдайда, бұл туралы дереу полицияға хабарлауды сұраймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында елордадағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз.

Еске салайық, бұған дейін Астанада түнгі тыныштықты бұзған мотоцикл жүргізушілері жазаланған болатын.