Қасымхан Сенғазыев: 180 мыңға жуық елордалық жеткіншек түрлі лагерь мен жазғы жобаларға қатысты
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев желідегі парақшасында жазғы демалыстың алғашқы екі кезеңінде 180 мыңға жуық елордалық жеткіншек түрлі лагерьлер мен жазғы жобаларға қатысқанын жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, биыл Астанада 242 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін демалыстың алғашқы екі кезеңінде 180 мыңға жуық бала түрлі лагерьлер мен жазғы жобаларға қатысып үлгерді. Қазіргі таңда үшінші маусым жалғасуда.
«Біздің басты міндетіміз - әрбір баланың жазғы уақытын қауіпсіз, пайдалы әрі мазмұнды ұйымдастыру. Осы бағытта әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде 11 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылса, оның ішінде 2 681 оқушы жергілікті бюджет есебінен қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне жолдама алды.
«Барап» балаларды сауықтыру лагері жаз бойы 1 600-ден астам баланы қабылдайды. Мұнда балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысына барлық жағдай жасалған. Олар спорттық, шығармашылық, мәдени-танымдық және зияткерлік бағдарламаларға қатысып, таза ауада тынығып, жаңа достар тауып, өз қабілеттерін дамытады», - деді Қасымхан Сенғазыев.

Білім басқармасы басшысы мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлер, қосымша білім беру ұйымдарының жанындағы тақырыптық клубтар жұмыс істеп жатқанын атап өтті. «Дидарлы жаз - 2026» жобасы аясында балалар спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын насихаттаса, «Атамекен» этнолагерьлерінде ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді тереңірек танып-білуде.
«Балалардың қауіпсіздігі - басты назарымызда. Осыған байланысты білім беру ұйымдары полиция, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарымен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізіп, барлық лагерьлерде қауіпсіздік талаптарының сақталуда», - деді ол.
