ІІМ азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды
Жаз мезгілінде судағы жазатайым оқиғалардың қаупі артады. Осыған орай Ішкі істер министрлігі азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, шомылу тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда жүзеге асырылуы тиіс. Сондай-ақ мас күйде суға түсуге, бейтаныс жерлерде сүңгуге және өз күшіңізді асыра бағалауға болмайды.
Министрлік балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға үндеді.
«Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдыруға болмайды. Бала жүзе білсе де, ересектердің тұрақты бақылауында болуы қажет. Себебі, қайғылы оқиға санаулы секунд ішінде болуы әбден мүмкін», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ІІМ демалыс кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға, табиғатқа ұқыпты қарап, қоқыс қалдырмауға шақырды.
Егер судағы төтенше жағдайдың немесе жазатайым оқиғаның куәсі болсаңыз, сондай-ақ көмекке мұқтаж адамды байқасаңыз, бұл туралы дереу жедел қызметтерге хабарлау қажет.
Министрлік әр азаматтың қауіпсіздігі ең алдымен өзінің жауапкершілігінде екенін еске салып, қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы өз өміріңіз бен жақындарыңыздың өмірін қорғауға үндеді.
Еске салсақ, төтенше жағдай болған кезде хабарласатын қызметтердің нөмірлерін жазғанбыз.