ХОК Қазақстанның Олимпиадаға дайындық тәжірибесін әлемдегі үздік тәжірибелер қатарына қосты
Халықаралық Олимпиада комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Олимпиада және жасөспірімдер Олимпиада ойындарына ұлттық құрамаларды даярлау тәжірибесін әлемдегі үздік тәжірибелердің (Best Practice) қатарына енгізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҰОК мәліметінше, ХОК Қазақстан әзірлеген Athlete and Team Official Agreements (ATOA) келісімдер жүйесін жоғары бағалаған. Бұл құжаттар Халықаралық Олимпиада комитеті бекітетін Conditions of Participation (CoP) қатысу шарттарын толықтырып, ұлттық заңнама талаптарына бейімделген. Сонымен қатар ұйымдастыру және тәжірибелік мәселелерді жан-жақты қамтиды.
ХОК ерекше атап өткен жаңашылдықтардың бірі – Олимпиада делегациясының әр санатына арналған төрт бөлек келісімнің әзірленуі. Атап айтқанда, спортшыларға, жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне және өзге де ресми тұлғаларға арналған жеке құжаттар дайындалған.
Құжаттарда мінез-құлық қағидалары, ХОК регламенттерін сақтау талаптары, қаржылық міндеттемелер, жарыс кезінде әлеуметтік желілерді пайдалану тәртібі, ресми спорттық киімді кию талаптары және құқықтық дауларды шешу тетіктері нақты көрсетілген.
Сондай-ақ ХОК сарапшылары келісімдерді әзірлеу барысында қолданылған пәнаралық тәсілді жоғары бағалаған. Құжаттар Олимпиада ойындарында ұлттық делегацияны басқарған Chef de Mission жетекшілерінің тәжірибесіне сүйене отырып әзірленген. Оларды дайындауға Қазақстан ҰОК-тің спорт, халықаралық байланыстар, медиа, маркетинг және құқықтық қамтамасыз ету саласының мамандары қатысқан.
Халықаралық Олимпиада комитетінің бағалауынша, Қазақстан ҰОК тәжірибесі халықаралық стандарттар мен Олимпиадалық хартия талаптарын ұлттық жүйеге тиімді енгізудің табысты үлгісі саналады. Осыған байланысты қазақстандық тәжірибе өзге ұлттық олимпиадалық комитеттерге де ұсынылған.
Бұл шешім Қазақстанда қалыптасқан Олимпиада құрамаларын даярлау және ұйымдастыру стандарттарының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.
Бұған дейін қазақстандық еркін күрес шеберлері рейтингтік турнирде алты медаль жеңіп алғанын жазған болатынбыз.