Жыл басынан бері Астананың әр ауданында есірткі заттарын таратуға қатысты заңсыз жазулар мен жарнамаларды анықтау және жою бойынша 20-дан астам рейд өткізілді. Нәтижесінде есірткі граффитиінің белгілері бар 330-дан астам жазу анықталып, өшірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рейдтік жұмыстарға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен волонтерлер қатысуда. Іс-шаралардың мақсаты – заңсыз жазуларды жоюмен қатар, олардың қайта пайда болуының алдын алу.
Полиция есірткі және психотроптық заттардың заңсыз жарнамасын орналастыратын адамдарды анықтауға да ерекше назар аударып отыр. Мұндай әрекет заңнамаға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Анықталған әрбір факт тексеріледі. Тыйым салынған жарнаманы орналастыру дерегі расталған жағдайда, оны жоюмен қатар тиісті интернет-ресурстарды, парақшаларды, аккаунттарды және заңсыз ақпарат тарататын өзге де ресурстарды бұғаттау бойынша шаралар қабылданады.
Сонымен қатар заңсыз жарнаманы орналастыруға қатысы бар адамдар анықталып, оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.
Полиция азаматтарды құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады. Көшелерден есірткі жарнамасы бар жазуларды немесе интернеттен күмәнді контентті байқаған жағдайда бұл туралы полицияға хабарлау қажет.
Есірткі жарнамасын анықтау және бұғаттау, сондай-ақ есірткі граффитиін жою жұмыстары «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Астана – есірткісіз қала!» бағдарламасы аясында тұрақты түрде жалғасады.
Бұған дейін елорда мектептерінде вандализм мен граффитидің алдын алу бойынша сынып сағаттары өтіп жатқанын хабарладық.