Берік Асылов ТМД елдерінің Бас прокурорларымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Берік Асылов ТМД елдерінің Бас прокурорларымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Фото: Бас прокуратура

Соңғы үш жылда Қазақстанға 2,8 млрд АҚШ доллары көлемінде актив қайтарылды. Бұл қаражат денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және білім беру салаларын қоса алғанда, 466 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысына бағытталған. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Қазанда өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің 36-шы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының делегациясы Берік Асыловтың басшылығымен өткен отырысқа қатысты. Жиында Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның қадағалау органдарының басшылары активтерді іздеу және шетелден қайтару саласындағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін талқылады.

Қатысушылар қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық шарттарды қолдану, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және прокуратура органдарының өзара іс-қимылын жетілдіру бойынша тәжірибе алмасты.

Отырыс қорытындысы бойынша заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар.

Іс-шара аясында Қазақстан делегациясының басшысы Ресей, Беларусь және Қырғызстанның бас прокуратураларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулерде өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.

Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында Қазақстанның Бас прокуратурасы Беларусь және Ресейдің бас прокуратураларымен 2027-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламаларына қол қойды. Құжаттар прокурорлық қызметтің түрлі бағыты бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу мен тәжірибе алмасуды көздейді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Қырғызстанның бас прокуратуралары активтерді қайтару саласындағы серіктестік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен жұмыстың практикалық тетіктерін дамытуға бағытталған.

Еске сала кетейік, жақында Түркістанда Қазақстанның төрағалығымен Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 7-отырысы өткен болатын.