Қазақстан Aurubis-пен мыс шикізатын кешенді өңдеу бойынша ынтымақтастықты күшейтеді

30 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстан Aurubis-пен мыс шикізатын кешенді өңдеу бойынша ынтымақтастықты күшейтеді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Aurubis AG байқаушылар кеңесінің төрағасы Фриц Варенхольтпен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Қазақстанның тау-кен металлургиясы кешеніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысы Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі экономикалық және технологиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отандық өнеркәсіптің басым міндеттерінің бірі – шикізат экспортынан металды терең өңдеуге, озық технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу.

Кездесу барысында құрамы күрделі мыс шикізатын кешенді өңдеу, ілеспе металдарды алу, қайта өңдеуді дамыту және өңдеудің кейінгі сатыларындағы өндіріс нысандарын жергіліктендіру ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде айқындалды.

Сонымен қатар мыс сынықтары мен техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу бойынша «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен Aurubis арасындағы ынтымақтастық әлеуетіне ерекше назар аударылды.

Тараптар осы бағыттағы перспективалы жобаларды іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу мүмкіндігін де қарастырды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннмен кездескен болатын.