Қазақстандық мамандар Сингапурдың су ресурстарын тиімді басқару, су ысырабын азайту және су тасқыны қаупін төмендету тәжірибесімен танысып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов бастаған қазақстандық делегация Сингапур Үкіметі ұйымдастырған «Қалалық су ресурстары мен қалдықтарды тұрақты басқару саласындағы көшбасшылық» атты біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысуда.
Бағдарлама Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Singapore Cooperation Enterprise компаниясы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылып жатыр. Құжатқа Сингапур Республикасының аға министрінің Қазақстанға 2026 жылғы 26 тамыздағы ресми сапары барысында қол қойылған.

Оқу бағдарламасы аясында қазақстандық мамандар суды ұтымды пайдалану, су ысырабын азайту, су тасқыны қаупін басқару және экологиялық тиімді шешімдерді енгізу тәсілдерін зерделеуде. Сонымен қатар су инфрақұрылымын қалалық ортаға кіріктіру мәселелеріне назар аударылып, Сингапурдың PUB ұлттық су агенттігінің қызметімен танысу жүргізілуде.
Сондай-ақ мамандар заманауи технологиялар мен басқару тәсілдерінің іс жүзінде қолданылуын зерделеу үшін ірі су шаруашылығы нысандарына баруды жоспарлап отыр.
Бағдарлама аясында Сингапур Республикасының еңбек ресурстары, сауда және өнеркәсіп мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Фу Чесянмен, Қазақстанның Сингапурдағы Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Құттықадаммен және бизнес өкілдерімен кездесулер өтті. Тараптар су саласын дамыту, заманауи басқару тәсілдерін қолдану және екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Вице-министр Жандос Сәлімовтің айтуынша, бағдарлама нәтижелері Қазақстанның су саласына арналған технологиялық және басқарушылық шешімдерді әзірлеу кезінде ескеріледі.

«Атап айтқанда, судың ысырабын азайту, цифрландыру, су ресурстарын қайта пайдалану және су шаруашылығы инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бағыттарына басымдық беріледі», – деді Жандос Сәлімов.
Бұған дейін Түркістанда шаруаларды су үнемдеуге үйрететін мектеп ашылатынын хабарладық.