Түркістанда шаруаларды су үнемдеуге үйрететін мектеп ашылады
Түркістан облысында шаруаларға су ресурстарын тиімді пайдалану мен су үнемдеу технологияларын меңгеруді үйрететін «Су мамандары мектебі» құрылады. Қазір Түркістан қаласында оқу бөлмелерін дайындау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаны «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Еуразиялық даму банкінің «Қазақстанда тұрақты суару жүйесін дамытуға арналған бизнес-экожүйені дамыту» гранттық бағдарламасы аясында жүзеге асырып жатыр.
Оқу орталығында су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын суару жүйелеріне енгізу бойынша теориялық әрі практикалық сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар халықаралық және ұлттық сарапшыларды тарту, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату және Орталық Азия елдерімен тәжірибе алмасу жоспарланған.
«Қазсушар» РМК бас директоры Әнуар Өскенбаевтың айтуынша, жоба заманауи суару жүйелеріне көшуге жағдай жасауға бағытталған. Министрлік бастаманы республикалық деңгейде кеңейтпес бұрын бірнеше пилоттық алаңды іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Түркістандағы оқу орталығы өңірде су үнемдеу саласындағы білімді, тәжірибе мен технологияларды жинақтап, осы бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру алаңына айналмақ.
Бұған дейін Қазақстанда жерасты суының 4 803 кен орны барланғанын жаздық.