Қазақстандық еркін күрес шеберлері рейтингтік турнирде алты медаль жеңіп алды
Будапештте (Венгрия) күрес түрлерінен рейтингтік турнир басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ҰОК сілтеме жасап.
Жарыстың алғашқы күні еркін күрестен алты салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының балуандары алты медаль жеңіп алды.
61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Асыл Айтақын финалда Түркия өкілі Толга Озбекті жеңіп, алтын медаль иеленді. Осы салмақта Әділет Әлмұхамедов қола жүлдеге қол жеткізді.
74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов финалға дейін жетті. Алайда шешуші белдесуде Қытай балуаны Фэн Луға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Қола медальді Нұрданат Айтанов, Мейрамбек Қартбай (57 келіге дейін) және Начын Куулар (65 келіге дейін) еншіледі.
Бүгін бозкілемге еркін күрестен 79, 92, 97 және 125 келіге дейінгі салмақ дәрежелеріндегі балуандар шығады. Сонымен қатар әйелдер күресінің өкілдері де жарысты бастайды.
Еске сала кетейік, Қазақстан бокстан U23 жас санатындағы Азия чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алды.