Референдум-2026

9Qum: әлемнің 60 елін біріктіретін тоғызқұмалақ платформасы іске қосылды

9Qum: әлемнің 60 елін біріктіретін тоғызқұмалақ платформасы іске қосылды
Фото: Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ қауымдастығы

Тоғызқұмалақты жаңа деңгейде дамытуға арналған 9Qum цифрлық платформасы іске қосылды. Жаңа жоба спортшыларға, жаттықтырушыларға, төрешілер мен жанкүйерлерге оқу-жаттығу үдерісін жетілдіруге, онлайн турнирлер ұйымдастыруға және ойындарды жасанды интеллект көмегімен талдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қауымдастықтың мәліметінше, 9qum.com платформасын тоғызқұмалақшы әрі бағдарламашы Элдар Шаймағамбет пен Әдемі Есеншораева бірлесіп әзірлеген.

Платформада қолданушылар жасанды интеллектпен түрлі деңгейде ойнап, шеберлігін шыңдай алады. Әр партиядан кейін жүйе ойынды толық талдап, жіберілген қателерді, сәтті жүрістерді және балама шешімдерді ұсынады. Сонымен қатар дебюттік және тактикалық позицияларды талдап, тиімді жүрістер бойынша кеңес береді.

Жеке кабинет арқылы жаттықтырушымен бірлесіп жұмыс істеуге, тапсырмалар орындауға және партияларды талдауға мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ әлемнің кез келген еліндегі қарсыласпен онлайн ойнап, бейнебайланыс арқылы партия өткізуге болады.

Платформа онлайн турнирлерді ұйымдастыруға арналған толыққанды жүйемен жабдықталған. Ұйымдастырушылар қатысушыларды тіркеу, ойындардың өту барысы мен нәтижелерді нақты уақыт режимінде бақылап, жарыстарды тиімді басқара алады.

Жанкүйерлер үздік спортшылардың партияларын тікелей эфирде немесе жазба арқылы тамашалап, олардың ойын мәнерін зерттей алады. Бұдан бөлек, онлайн кітап дүкенінен тоғызқұмалаққа арналған оқулықтар, әдістемелік құралдар мен ғылыми еңбектерді сатып алу мүмкіндігі бар.

Қауымдастықтың мәліметінше, бүгінде тоғызқұмалақ әлемнің 60-қа жуық елінде ойналады. 9Qum платформасы халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығын ортақ цифрлық кеңістікке біріктіріп, ұлттық зияткерлік ойынның әлемдік деңгейде кеңінен насихатталуына ықпал етеді.

Платформа іске қосылған алғашқы үш күннің ішінде оған 1 400-ге жуық қолданушы тіркеліп, 9 мыңға жуық партия ойналған. Сонымен қатар екі онлайн турнир ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық спортшы қатысқан.

Алдағы уақытта әзірлеушілер платформада республикалық және халықаралық турнирлерді тұрақты өткізу, рейтингтік жүйені жетілдіру, оқу-жаттығу мүмкіндіктерін кеңейту және жасанды интеллекттің талдау сапасын арттыруды жоспарлап отыр.

Бұдан бұрын ардагерлердің тоғызқұмалақты насихаттауға үлес қосатыны туралы жазған болатынбыз.