Ардагерлер тоғызқұмалақты насихаттауға үлес қосады
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы мен ҚР Ардагерлер кеңесі қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақты дамыту бойынша ортақ келісімге келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Федерация президенті Әлихан Байменов пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов екі ұйымның арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жиында тоғызқұмалақ жастар тәрбиесінде ғана емес, ардагерлердің интеллектуалдық, физикалық, менталдық алпын сақтап, дамытуда пайдалы құрал екендігі айтылды.

Әлихан Байменовтің айтуынша, кейбір облыстардағы белсенді қариялық орталықтар тәжірибесі тоғызқұмалақтың егде адамдардың да денсаулығына оң әсерін көрсеткен.
«Өйткені, мұнда мимен қатар құмалақ үлестіргендегі моторика – қол, саусақтар қимылы қатар жұмыс жасайды. Бұл адамдардың бабында сақталуына, өмір сүруін ұзартуға қосымша фактор бола алатындығын зерттеушілер пікірлері мен орталықтар тәжірибесі байқатады», - деді федерация президенті.
Сондықтан ол ардагерлік ұйымдармен жұмыс істеуге мүдделі екендігін аталып өтті. Меморандум тоғызқұмалақты дәріптеп, насихаттау үшін жарыстар, семинарлар, түрлі оқу-жаттығу шараларын бірлесе өткізуге бағытталған.

Әбілғазы Құсайынов та өз тарапынан ардагерлер ұлттық-мәдени мұрамыз – тоғызқұмалақты насихаттауға үлесін қосуға ынталы екендігін білдірді. Ұлттық мәдени мұраның жарқын үлгісі - тоғызқұмалақтың ардагерлер арасында кеңінен таралуы үлгімен тәрбиелеу тұрғысынан да маңызды екендігі айтылды.
Кездесу соңында Әбілғазы Құсайыновқа тоғызқұмалақ тақтасын тарту етіліп, екі ұйым басшылары және Ардагерлер кеңесі төрағасы бірінші орынбасары Абай Тасболатов алғашқы партияны ойнады.
Қазақстанда шамамен 80 мыңнан астам ардагер бар деп саналады. Тоғызқұмалақпен айналысатын қазақстандықтар жалпы саны 200 мыңнан асқан.
Еске салсақ, Астанада «Келешек мектептерінде» ұзіліс кезінде оқушылар асық атып, тоғызқұмалақ ойнайды