Референдум-2026

Таиландтан есірткі тасымалдамақ болған 22 жастағы бойжеткен 16 жылға сотталды

Таиландтан есірткі тасымалдамақ болған 22 жастағы бойжеткен 16 жылға сотталды
Фото: pexels.com

Таиландтан Қазақстанға аса ірі көлемде есірткі алып өтпек болған 22 жастағы Қазақстан азаматшасы 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізу және заңсыз айналымға енгізу бойынша кінәлі деп таныды.

Сотта анықталғандай, бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Таиландтан Қазақстанға жалпы салмағы 8,8 келі каннабис сығындысы салынған екі чемоданды жеткізуге келіскен. Алайда контрабанданың жолы Алматы халықаралық әуежайында кесіліп, күдікті елге келген бойда ұсталған.

Бас прокуратура әлеуметтік желілерде таралатын «оңай табыс» немесе тегін шетелге саяхаттау туралы ұсыныстардың артында халықаралық есірткі тасымалына қатысты қылмыстық схемалар тұруы мүмкін екенін ескертті.

Ведомство мұндай әрекеттерге қатысқан адамдардың қылмыстағы рөліне қарамастан, Қазақстан заңнамасына сәйкес қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жамбыл облысында автокөліктің жүксалғышынан 38 келі марихуана табылған азаматтың 8 жылға сотталғаны туралы жазғанбыз.