Павлодарда 1 800-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Павлодар облысында түнде ересектердің еріп-жүруінсіз көшеде жүрген жасөспірімдер анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдердің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта жүру деректерінің жолын кесу мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп келеді.
Шара кезінде облыс орталығындағы гараждар аумағында полиция қызметкерлері ішімдік ішкеннен кейін ес-түссіз жатқан кәмелетке толмаған қызды анықтады. Жасөспірім медициналық мекемеге жеткізілді.
«Қоғамдық орында масаң күйде жүргені, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қыздың заңды өкіліне қатысты әкімшілік материал рәсімделді», - деді облыстық полиция департаментінің басқарма бастығы Азамат Күркебаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері полиция қызметкерлері 18 жасқа толмағандардың қоғамдық орындарда ішімдік тұтынуына байланысты 90 құқықбұзушылықтың жолын кесті. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін 1 809 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қайда жүргенін қатаң бақылауға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көбірек көңіл бөлуге және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпауға шақырады.