25 шілдеде тамыз ҰБТ-сына өтініш қабылдау басталады
25 шілдеде тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау басталып, 5 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Тестілеудің өзі 10-15 тамыз аралығында өтеді.
«Тамыз ҰБТ-сы жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін тестілеуді қайта тапсыруға ниетті талапкерлерге арналған. Алдыңғы ҰБТ-ларда шекті балл жинай алмаған талапкерлерге тестілеуден қайта өту мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар алдыңғы ҰБТ-ларға қатысқан талапкерлер тамыз ҰБТ-сына өтініш беру кезінде бейіндік пәндер комбинациясын өзгерте алады», делінген хабарламада.
Өтініш беру барысында ҰБТ өтетін пунктті, күнді және уақытты таңдауға болады.
Тамыз ҰБТ-сына биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар, шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлау бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ алдыңғы оқу жылында шекті балл жинамаған және ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған тұлғалар қатыса алады.
Сонымен қатар өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы жүзеге асырады.
Еске салсақ, биыл негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Тестілеуге 233 мыңнан астам талапкер қатысты.