Елордада мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қалай бақыланып жатыр
Биылғы бірінші жартыжылдықта Астанада мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар жартыжылдық қорытындысы мен алдағы міндеттер туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
– Ербол Қабдығалиұлы, биылғы бірінші жартыжылдықта департамент атқарған жұмыстардың негізгі қорытындылары жайлы айтып өтсеңіз. Елордадағы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында қандай кешенді жұмыстар жүргізілді?
– Біздің негізгі мақсатымыз – әрбір азаматқа қолжетімді, ашық әрі тиімді қызмет ұсыну. Осы бағытта қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Алты айдың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, заң бұзушылықтарды жою және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.
– Бақылау шараларының нақты нәтижелері мен сандарына тоқталып өтсеңіз. Қанша тексеру жүргізілді және қандай заңбұзушылықтар жиі кездеседі?
– Есепті кезеңде 80-нен астам бақылау іс-шарасы өткізілді. Оның ішінде 5 жоспарлы тексеру, 56 азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде, сондай-ақ 22 сыртқы байқау жүргізілді. Өкінішке қарай осы шаралардың нәтижесінде 75 644 бұзушылық анықталды.
Ең көбі – қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, 55 029 дерек тіркелді. Одан кейін қызмет көрсету мерзімдерінің сақталмауы бойынша 19 643 бұзушылық, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзу бойынша 911 және өзге де 61 бұзушылық анықталды. Осы кемшіліктерді жою және қайта болдырмау мақсатында мемлекеттік органдарға 6 нұсқама мен 16 ұсыным енгізілді.
– Азаматтардың өтініштерін қарау және олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру барысы қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылған. Жартыжылдықта қызмет сапасына қатысты 87 шағым қаралды. Шағымы негізді деп танылған 14 қызмет алушының, яғни 100 пайызының құқықтары толық қалпына келтірілді. Бұған қоса өзіміз жүргізген сыртқы байқаулардың нәтижесінде тағы 31 азаматтың құқығы қорғалды.
Сондай-ақ қазіргі таңда заманауи кері байланыс арнасы ретінде «Telegram Bot» арқылы түскен өтініштерді де жедел қарап, халықтың мәселесін шешіп жатырмыз.
– Заң бұзған қызметкерлерге қандай жауапкершілік шаралары қолданылды?
– Тәртіп пен жауапкершілік қатаң сақталуы тиіс. Рұқсат құжаттарын беру мерзімдерін бұзғаны үшін 4 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 169 070 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар қызмет беруші мекемелердің 12 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл шараның барлығы тек жазалау үшін емес, ең алдымен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қабылданады.
– Бұзушылықтардың алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру және талдау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында 100-ге жуық түсіндіру іс-шарасын өткіздік. Халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде және ірі сауда үйлерінде «Қызмет алушылар күні» ұйымдастырылды, эфирлер мен семинарлар тұрақты өтіп келеді.
Департамент жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының екі отырысы өтіп, мемлекеттік органдарға 24 нақты ұсыныс берілді. Сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің бизнес-процестеріне талдау жасалып, оларды жетілдіруге бағытталған 18 ұсыныс әзірледік. Қоғам белсенділерімен бірлесіп, әсіресе, мобильділігі төмен азаматтарға қолайлы жағдай жасалуын қадағалау үшін 17 қоғамдық мониторинг жүргізілді. Жалпы, бақылау шараларымен қатар профилактика мен қызметтерді автоматтандыруға баса назар аударуды жалғастырамыз.
– Сұхбатыңызға рақмет.