Референдум-2026

Маңғыстау мен Павлодар облыстарында екі теміржол вокзалы жаңартылды

Бүгін, 19:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Маңғыстау мен Павлодар облыстарында екі теміржол вокзалы жаңартылды
Фото: ҚТЖ

Шетпе (Маңғыстау облысы) және Қарасор (Павлодар облысы) станцияларындағы теміржол вокзалдарын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» компаниясына сілтеме жасап.

Жұмыстар Үкіметтің, Көлік министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында компанияның өз қаражаты есебінен орындалды.

«Шетпе станциясының вокзалы 1967 жылы салынған. Мұнда жаңа қаңқаны орнату, шатыр мен қасбетті жабу, инженерлік желілерді төсеу, үй-жайларды ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ғимаратта жаңа жиһаз бен заманауи жабдықтар орнатылған. Қазақстандық өндірістің материалдары пайдаланылды», - делінген хабарламада.

Вокзал ауданы бірнеше есеге: 201-ден 1090 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ғимарат қауіпсіздіктің, энергия тиімділігінің және қол жетімділіктің заманауи талаптарына сәйкес келеді. Вокзал 1 типті және күн сайын 100 жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Семей, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Орал бағыттары бойынша 16 жолаушылар пойызы қатынайды.

Қарасор станциясының вокзалы 1988 жылы салынған. Ғимаратта шатыр, қасбет және ішкі үй-жайлар жөнделді. Сумен жабдықтау, кәріз, жылыту, электрмен жабдықтау және байланыс жүйелері жаңартылды. Іргелес аумақ абаттандырылып, перрон жаңартылды. Ғимаратта заманауи желдету және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылған. Мобилділігі төмен жолаушылар үшін пандус, тактильді навигация және арнайы күту бөлмесі жабдықталған. Жолаушылар үшін жайлы күту аймақтары құрылды. Вокзал 3-ші типке жатады. Станция арқылы Астана, Павлодар, Көкшетау, Шымкент және Түркістан бағыттары бойынша төрт жолаушылар пойызы қатынайды.

ҚТЖ мәліметінше, вокзалдарды қайта құру жолаушыларға қызмет көрсетудің жайлылығы мен сапасын арттырды, сондай-ақ объектілердің заманауи қауіпсіздік пен қолжетімділік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етті.

Еске салсақ, 2 қыркүйектен бастап «Нұрлы жол – Орал» пойызында әйелдер вагоны іске қосылады.