2 қыркүйектен бастап «Нұрлы жол – Орал» пойызында әйелдер вагоны іске қосылады
2026 жылғы 2 қыркүйектен бастап №81/82 «Нұрлы жол – Орал» бағытындағы Тальго жолаушылар пойызының құрамына әйелдер вагоны енгізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, бұл шешім аталған қызметке жолаушылар тарапынан сұраныстың артуына байланысты қабылданған.
№81/82 «Нұрлы жол – Орал» пойызы елорда мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы тұрақты теміржол қатынасын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта пойыз күнара қатынайды.
Пойыз қозғалысының кестесі төмендегідей:
– «Нұрлы жол» вокзалынан – жұп күндері сағат 23:55-те жөнелтіледі;
– Орал станциясына – жұп күндері сағат 05:20-да барады;
– Орал станциясынан – жұп күндері сағат 09:55-те жөнелтіледі;
– «Нұрлы жол» вокзалына – тақ күндері сағат 15:04-те келеді.
Бағыт бойында тоғыз аялдама қарастырылған.
Жаңа вагонның іске қосылуымен Қазақстандағы әйелдер вагоны қызметі қолжетімді бағыттардың саны 13-ке жетеді. Қазіргі уақытта ондай вагондар төмендегі бағыттар бойынша қатынайды:
– №77/78 «Алматы-2 – Маңғыстау»;
– №351/352 «Алматы-2 – Өскемен-1»;
– №45/46 «Павлодар – Түркістан»;
– №37/38 «Маңғыстау – Семей»;
– №47/48 «Атырау – Нұрлы жол»;
– №33/34 «Алматы-1 – Ақтөбе»;
– №9/10 «Нұрлы жол – Алматы-2»;
– №71/72 «Нұрлы жол – Шымкент»;
– №24/23 «Ақтөбе – Алматы-1»;
– №25/26 «Алматы-2 – Шымкент»;
– №354/353 «Нұрлы жол – Семей»;
– №614/613 «Орал – Маңғыстау»;
– №81/82 «Нұрлы жол – Орал».
Сондай-ақ әйелдер вагонында ересектердің еріп жүруімен жеті жасқа дейінгі (қоса алғанда) ер балалардың жол жүруіне рұқсат етіледі.
Билеттерді теміржол кассаларынан немесе bilet.railways.kz ресми сайты арқылы онлайн сатып алуға болады. Онлайн рәсімдеу кезінде әйелдер вагонын білдіретін «ӘЙ» белгісіне назар аудару қажет.
«Жолаушыларды тасымалдау қағидаларына сәйкес, билет сатылымы пойыз жөнелтілетін күнге дейін 45 тәулік бұрын ашылады. Бұл жолаушыларға сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді», – делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұған дейін Астанадан Арқалыққа қатынайтын жаңа пойыздың кестесі жарияланған болатын.