Референдум-2026

Қазақстандық курсанттар дрондарға қарсы құрылғы мен көлік тексеру жүйесін әзірледі

Қазақстандық курсанттар дрондарға қарсы құрылғы мен көлік тексеру жүйесін әзірледі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары қорғаныс пен қауіпсіздік саласына арналған бірқатар инновациялық жоба әзірлеп жатыр. Бұл туралы Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Институтта кәсіби әскери даярлықпен қатар курсанттардың ғылыми-зерттеу және жобалау қызметіне ерекше мән беріледі. Болашақ офицерлер заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, қауіпсіздік саласындағы өзекті міндеттерді шешуге бағытталған инженерлік жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Солардың бірі – 3 курс курсанты Шыңғысхан Шынтеміров әзірлеген шағын көлемді радиоэлектрондық ықпал ету құрылғысы. Жоба басқару және байланыс арналарын басуға, радиоэлектрондық кедергілер жасауға, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы әрекет етуге арналған. Құрылғы Wi-Fi желілерінің жұмысын бұғаттай алады және арнайы міндеттерді орындау кезінде қолдануға мүмкіндік береді.

Тағы бір жобаны курсант Василий Копильцев ұсынған. Оның әзірлеген Under Car Vision жүйесі автокөліктің астыңғы бөлігін тексеруге арналған. Құрылғы кез келген ауа райында сапалы визуалды бақылауды қамтамасыз етеді әрі электр желісінен де, аккумулятордан да қуат алады. Бұл оны тұрақты бақылау бекеттерінде де, көшпелі тексерулер кезінде де тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Радиоэлектрондық барлау және радиоэлектрондық күрес кафедрасының аға оқытушысы, жоба жетекшісі, подполковник Александр Кушнаревтің айтуынша, бүгінгі инженер қолданыстағы технологияларды меңгеріп қана қоймай, нақты міндеттерге сай жаңа шешімдер әзірлей алуы қажет.

«Сондықтан біз курсанттарды алғашқы курстан бастап ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарына тартамыз. Өз жобаларымен жұмыс істеу олардың инженерлік ойлау қабілетін дамытып, талдау жасауға, тәжірибе жүргізуге және тың шешімдер табуға үйретеді. Мұндай құзыреттер болашақ офицерлердің кәсіби дамуының негізін қалыптастырып, қазіргі қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлерге тиімді жауап беруге мүмкіндік береді», – деді Александр Кушнарев.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, институтта курсанттардың ғылыми әлеуетін дамыту – даярлықтың басым бағыттарының бірі. Инженерлік жобалар теориялық білімді тәжірибеде ұштастыруға, конструкторлық дағдыларды жетілдіруге және заманауи талаптарға сай тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Бүгінде курсанттардың ғылыми әзірлемелері салалық көрмелерде, байқауларда және ғылыми-практикалық конференцияларда тұрақты түрде таныстырылып келеді. Бұл болашақ әскери инженерлердің кәсіби даярлығы мен ғылыми-инновациялық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Бұған дейін әскери курсанттардың авиациялық қауіпсіздік, тұрақты байланыс және қашықтан басқару жөнінде оқу-инженерлік жобалар әзірлеп жатқанын жазған едік.