Референдум-2026

Елордада педагогтер жаңа Конституция құндылықтарын білім жүйесіне енгізуді талқылап жатыр

Елордада педагогтер жаңа Конституция құндылықтарын білім жүйесіне енгізуді талқылап жатыр
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Астанада Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған «Негізгі және жалпы орта білім беру: сапалы өзгерістер және кәсіби даму» атты республикалық жазғы сессия басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сессияға еліміздің барлық 20 өңірінен 300-ге жуық педагог қатысып отыр. Олардың қатарында білім басқармаларының жауапты мамандары, әдістемелік орталықтардың өкілдері, мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және 5-11 сыныптарда сабақ беретін пән мұғалімдері бар.

Жазғы сессия жаңа оқу жылы қарсаңында негізгі және жалпы орта білім беру жүйесіндегі негізгі өзгерістерді талқылауға, оларды тәжірибеге енгізудің ортақ тәсілдерін қалыптастыруға және педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.

Пленарлық отырыс пен тақырыптық воркшоптар аясында Жаңа Конституция құндылықтарын, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын, «Заң мен тәртіп» қағидатын, жетілдірілген үлгілік оқу бағдарламаларын, бағалаудың жаңа тәсілдерін және жасанды интеллект құралдарын негізгі және жалпы орта білім беру жүйесіне енгізу мәселелері талқыланып жатыр.

Жаңа оқу жылынан бастап 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары енгізіледі. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Жаңа Конституция талаптарына сәйкес жаңартылып, білім алушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.