Мейрам Айтқабыл: Спортпен айналысатын баланың зиянды әдеттерге әуестену қаупі төмен
Жасөспірімдерді зиянды әдеттерден қорғаудың ең тиімді жолдың бірі – оларды спортқа баулу. Дзюдодан Астана қаласының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Мейрам Айтқабыл Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында спорттың тәрбие құралы ретіндегі рөлі, жас спортшылармен жүргізілетін тәрбиелік жұмыс және ата-анамен байланыстың маңызы туралы айтты.
- Спортпен айналысу жасөспірімдердің арасында алкогольдік ішімдік ішу және т.б. зиянды әдеттердің алдын алуға қаншалықты әсер етеді?
- Спорттың бұл тұрғыдағы әсері өте жоғары. Спортпен тұрақты айналысатын бала тәртіпке, жауапкершілікке және өзін-өзі бақылауға үйренеді. Оның уақыты пайдалы іске жұмсалады. Алдына мақсат қойып, соған жетуге талпынады. Сондықтан осындай балалардың алкоголь, темекі немесе басқа да зиянды әдеттерге әуестену қаупі айтарлықтай төмен болады.
- Сіз қанша баланы жаттықтырасыз? Шәкіртеріңіздің зиянды әдеттерге жоламауы үшін қандай амал қарастырасыз?
- Қол астымда шамамен 10-ға жуық бала жаттығады. Біз тек спорттық дайындықпен ғана шектелмейміз. Балалармен жиі әңгімелесіп, салауатты өмір салтын насихаттаймыз, спорттық тәртіптің маңызын түсіндіреміз. Сонымен қатар ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейміз.
- Интернет дамыған заманда зиянды дүниелер де тез танылып, қолжетімді болып жатады ғой. Шәкірттеріңізде осындай жағдайлар болды па еді? Одан арылту қиын ба?
- Қазіргі таңда интернеттің ықпалы өте үлкен. Кейде балалар түрлі ақпараттың әсеріне түсіп қалуы мүмкін. Осындай жағдайларда ең бастысы – баланы жазалау емес, оны тыңдап, дұрыс бағыт көрсету. Уақытылы түсіндіру жұмыстары мен қолдау көрсетілсе, мұндай қиындықтарды еңсеруге болады.
- Спортшы үшін бапкері екінші әкесі іспеттес. Сізді жақын тартып, ішкі жан-дүниесін айтып жатады. Олармен өмірлік құндылықтар, зиянды әдеттердің зардабы туралы сырласасыз ба?
- Әрине. Бапкер тек спорттық нәтижеге емес, баланың тұлға болып қалыптасуына да жауапты. Сондықтан шәкірттеріммен өмірлік құндылықтар, тәртіп, жауапкершілік, өзіне деген сенім және зиянды әдеттердің салдары туралы үнемі ашық сөйлесуге тырысамын. Сенім болған жерде тәрбие де нәтижелі болады.
- Жас балалардың әрнәрсені қызықтап, зиянды әдеттерге тұрақты болмаса да, бір-екі рет қызығушылық танытуы мүмкін. Ондай жайтты білген кезде шәкірттеріңізге қандай амал қолданасыз?
- Мұндай жағдайда ең алдымен сабыр сақтап, баламен жеке сөйлесемін. Оның не себепті ондай қадамға барғанын түсінуге тырысамын. Кейін зиянды әдеттердің денсаулыққа, спорттық мансапқа және болашағына тигізетін кері әсерін түсіндіріп, мұндай қателікті қайталамауына бағыт-бағдар беремін.
- Спортпен айналысатын балалар көп. Бірақ спортпен мүлдем айналыспайтын жандар да жеткілікті. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?
- Әр адам міндетті түрде кәсіби спортшы болуы шарт емес. Бірақ дене белсенділігі күнделікті өмірдің бір бөлігі болуы керек. Өзіңізге ұнайтын спорт түрін немесе қарапайым жаттығуды таңдаңыз. Спорт денсаулықты нығайтып қана қоймай, тәртіпке үйретеді, күйзелісті азайтады, өзіңізге деген сенімді арттырады және зиянды әдеттерден аулақ болуға көмектеседі. Ең бастысы - алғашқы қадамды жасап, тұрақты түрде қозғалыста болу.
- Сұхбатыңызға рақмет!