Референдум-2026

Кепілдік беру қорлары бизнеске 448 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті

Кепілдік беру қорлары бизнеске 448 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Қазақстанда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының базасында құрылған кепілдік беру қорлары арқылы жалпы сомасы 448 млрд теңгенің жобасына қолдау көрсетілді. Бұл туралы Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторына банк қаражатын тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында «Даму» қорының базасында екі мамандандырылған кепілдік беру қоры құрылған. Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин олардың жұмысының нәтижелері туралы баяндады.

Оның айтуынша, жаңа кепілдік беру тетіктері кәсіпкерлердің негізгі мәселелерінің бірі жеткілікті кепіл мүлкінің болмауын шешуге мүмкіндік беріп отыр.

Шағын және орта бизнеске арналған бірінші қор бүгінде 2,4 мыңнан астам жобаны қамтыған. Қор қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беріп, нәтижесінде кәсіпкерлерге жалпы көлемі 424 млрд теңге болатын несие алуға жағдай жасалған.

Ал екінші қор 7 млрд теңгеден асатын ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Қазіргі уақытта жалпы құны 24 млрд теңге болатын екі жоба қолдау тапқан. Бұл ретте мемлекет 15 жылға дейінгі мерзімге жоба құнының 30 пайызына дейінгі бөлігін кепілдендіру арқылы банктерді ұзақ мерзімді индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға ынталандырады.

«Біздің мақсатымыз – технологиялық жаңару арқылы экономика құрылымын өзгерту. Кепілдік беру қорлары қазірдің өзінде кәсіпкерлердің кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда капиталға қол жеткізуін қамтамасыз ететін тиімді құралға айналды», – деді Серік Жұманғарин.

Министрліктің мәліметінше, процестерді автоматтандыру және портфельдік тәсілді енгізу нәтижесінде кепілдік алуға берілген өтінімдерді қарау мерзімі екі жұмыс күніне дейін қысқарған. Бұл мемлекеттік қолдау құралдарының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын «Даму» қорының мобильді фронт-офистері шалғайдағы 300-ден аса кәсіпкерге кеңес бергенін жазған едік.