«Қауіпсіз жол» акциясы: Астанада төрт мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Астанада 11-19 шілде аралығында жүргізушілердің көлік тәртібін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және апаттық жағдай деңгейін төмендетуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Тоғыз күн бойы полиция қызметкерлері күшейтілген рейдтік іс-шаралар жүргізіп, жол жүрісі қағидаларының ең қауіпті бұзушылықтарына ерекше назар аударды. Мас күйінде көлік құралын басқару, басып озу, маневр жасау, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту қағидаларын бұзу, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамау, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктері мен балаларды ұстап тұратын арнайы құрылғыларды пайдалану талаптарын сақтау ерекше бақылауда болды. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тоғыз күнде төрт мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша елордада Жол жүрісі қағидаларын бұзудың 4 600-ден астам дерегі анықталды. Ең көп таралған құқық бұзушылықтар жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбау болды – осындай 1 699 дерек тіркелді.
Сонымен қатар көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 707 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, тағы 185 адам көлік құралын басқару құқығынсыз немесе мұндай құқықтан айырылған күйде автокөлік басқарған.
Жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері әкімшілік айыппұлдарды төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде 190 көлік құралы мамандандырылған айып тұрағына қойылып, сондай-ақ 581 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі алынды.
Жол инфрақұрылымының жай-күйін бақылау
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды анықтаумен қатар жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударды.
Көше-жол желісіне 33 тексеру жүргізілді (жыл басынан бері – 729), оның барысында автомобиль жолдарын және жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдарын күтіп ұстаудағы 72 кемшілік анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою туралы 13 нұсқама берілді (жыл басынан бері – 952), сондай-ақ жол жүрісін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін мердігер ұйымдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 630 және 631-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Іс-шара аясында жол инфрақұрылымын жетілдіру және қауіпсіз қозғалысты ұйымдастыру бойынша да жұмыстар жүргізілді. Есепті кезеңде жер қазу жұмыстарын жүргізу кезеңіне арналған жол жүрісін ұйымдастырудың 11 схемасы қаралып, көлік ағындарындағы өзгерістерді ескере отырып, 17 учаскеде жол таңбалары салынды.
Сонымен қатар көше-жол желісінің 9 учаскесінде шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ өткізу мүмкіндігі мен жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру мақсатында үш бағдаршам нысанының жұмыс режимі түзетілді.
Профилактикаға ерекше назар
Қадағалау қызметімен қатар халық арасында профилактикалық жұмыстарға да айтарлықтай назар аударылды.
Жол қозғалысына қатысушылар үшін жолдардағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін арттыруға бағытталған жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылып, түсіндіру акциялары өткізілді.
Жол жүрісі қағидаларын сақтау туралы бейнероликтерді қоса алғанда, 151 ақпараттық-түсіндіру материалы қосымша дайындалып, жарияланды. Әлеуметтік материалдар қоғамдық көліктерде, тұрғын үй кешендерінің лифтілерінде, сондай-ақ елорданың ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында көрсетілуде.
Полиция Жол жүрісі қағидаларын сақтау жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты болып қала беретінін атап өтті. Профилактикалық және бақылау іс-шараларының кешені апаттық жағдай деңгейін одан әрі төмендету және жолдардағы қауіпсіз мінез-құлықтың жоғары мәдениетін қалыптастыру мақсатында жүйелі негізде жалғасатын болады.
Еске сала кетейік, 25 тамыздан бастап жүргізушілерге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді.