Отандық кәсіпкер Мұхит Асанов «Бір ауыл – бір өнім» жобасының тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы 2023 жылдан бастап елімізде жүзеге асуда. Жобаның мақсаты - өңірлік өндірісті дамыту, жергілікті ресурстарға негізделген өнімдерге қосымша құн қосу, бренд қалыптастыру және ауылдық экономиканы әртараптандыру. Мемлекет басшысы бұл жобаны «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде атап өтті. Ол, әсіресе, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорындардың ашылмағанын және шағын және орта бизнес бұл салада жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді», - деп ата өтті Мұхит Асанов.
Оның сөзінше, халықаралық тәжірибе бойынша One Village One Product жобасы 1980 жылы Жапонияда басталған. Кейін Малайзияда (2003), Филиппинде (2004), Вьетнамда (2013) енгізіліп, бүгінде әлем бойынша 40 елде табысты нәтиже көрсетіп келеді.
«Бұл жоба елімізде басталғалы 2500 өтінім түсіп, 800-ге жуық кәсіпкер өңірлік іріктеуден өткен екен. Биыл 50 кәсіпкер өз өнімдерін ұлттық деңгейде таныстырды, грант қоры 229,8 млн теңгені құрады.
Өңірлік өнімдер ассортименті еліміздің табиғи және мәдени ерекшеліктерін көрсетеді. Жетісу өңірінде саумал негізіндегі косметика, ет өнімдері, Қарағандыда жүн және киіз бұйымдары, Ақмолада жент, бал және фермерлік сүт өнімдері, Маңғыстауда майлар мен жергілікті шикізатты өңдеу, Солтүстік облыстарда сүтті және дәнді дақылдарды қайта өңдеу дамуда. Оның үстіне жоба әйелдер, жастар және ауылдық жердегі шағын өндірушілердің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етуде», - деді Мұхит Асанов.
Алайда, оның сөзінше, жобаның өсуіне бірнеше кедергі бар.
«Ауылдық жерлерде логистика қымбат, маркетинг және қаржылық менеджмент дағдылары жеткіліксіз, бірден бөлшек сауда нарығына кіру қиын, экспорт талаптарына сәйкестік мәселелері кездеседі және өндірушілер арасындағы кооперация әлі де әлсіз. Бұл факторлар көптеген кәсіпорындардың ұзақмерзімді өміршеңдігіне әсер етеді», - деп атап өтті кәсіпкер.
Осы орайда Мухит Асанов мына шараларды қолға алған жөн деп санайды:
- Өңірлік мини-кластерлер (орау цехтары, сапа зертханалары,
шағын логистикалық хабтар) қызметін жүйелеп, жұмысты жаңаша
жандандыру керек. Қажет болған жағдайда өңдеуші кәсіпорындарды тікелей ауылдық жерлерге орналастыру жөн.
- Маркетингтік қолдау орталығы мен бірыңғай сандық платформаны
құру керек. Онда брендті қолдау, нарыққа шығу, электрондық сауда (e-commerce) мүмкіндіктерін кеңейту сияқты жұмыстармен айналысады.
- Жергілікті шикізатты терең қайта өңдеуді мемлекеттік қолдау
деңгейін арттыру керек. Қазіргі өндірістің негізгі бөлігі төмен деңгейде өңделеді (тері өңдеу өндірісі - 15-20%, кәсіпорындардың толық қамтылуы - 30%).
- Халықаралық нарыққа шығуды қамтамасыз ету үшін экспортқа
бағытталған өнімдерді стандарттау, көрмелерге қатысу және географиялық көрсеткіштерді енгізу мүмкіндігін арттыру керек.
- Болашағы зор өнім шығаратын елді мекендерде
инфрақұрылымды жақсарту керек (жол, электр энергиясы, су, т.б.). Бұл арқылы туризм дамып, қосымша кіріс көздері қалыптасады.
«Жоба ұзақмерзімді бағдарлама ретінде тұрақты негізге қойылса, өңірлік шағын өндірістерді қолдаудың сенімді тетігіне айналады. Бұл ауылдық экономиканы әртараптандыруға, өнімділікті арттыруға және әлеуметтік әсерді күшейтуге мүмкіндік береді», - деп сөзін түйіндеді Мұхит Асанов.