Өскемен әуежайына монополиялық баға үшін айыппұл салынды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Өскемен әуежайына қатысты тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттікке сілтеме жасап.
Тексеру барысында әуежайдың авиаотынды бөлшек саудада өткізу кезінде монополиялық жоғары баға белгілеп, оны ұстап тұрғаны анықталды.
Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Бірінші сатыдағы соттың қаулысымен және Шығыс Қазақстан облыстық сотының 14 қаңтардағы шешімімен «Өскемен әуежайы» АҚ әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәсіпорынға шамамен 8,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, сондай-ақ мемлекетке шамамен 10,6 млн теңге мөлшеріндегі монополиялық табыс тәркіленді. Қазіргі таңда аталған барлық сома толық көлемде бюджетке төленді.
Еске салсақ, Кірістер комитеті коллекторлық қызмет саласында 11,8 млрд теңге табыс жасырылғанын анықтады.