Кірістер комитеті коллекторлық қызмет саласында 11,8 млрд теңге табыс жасырылғанын анықтады

Кірістер комитеті коллекторлық қызмет саласында 11,8 млрд теңге табыс жасырылғанын анықтады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекеттік кірістер комитеті коллекторлық агенттіктерге жүргізілген тексерулердің қорытындысын жариялады. Нәтижесінде салада жүйелі сипат алған салықтық бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, 7 коллекторлық агенттік бойынша 11,8 млрд теңге көлемінде табыстың дұрыс көрсетілмегені белгілі болды. Соның салдарынан 128 млн теңге қосылған құн салығы төленбеген. Сонымен қатар ҚҚС бойынша тіркеуге тұрмағаны үшін 1,6 млрд теңге айыппұл есептелді.

Бұдан бөлек, ұқсас белгілері бар тағы 15 салық төлеуші анықталды. Алдын ала есеп бойынша, оларда табыстың ықтимал көлемі 61,6 млрд теңгеге жетуі мүмкін, ал төленбеген ҚҚС шамамен 7,4 млрд теңгені құрайды. Қазір бұл деректер тексерілу үстінде.

Тексеру барысында кейбір коллекторлық агенттік табысты ҚҚС салынатын айналым ретінде көрсетпеу үшін арнайы схемаларды қолданғаны анықталды. Яғни агенттік банктен берешекті номинал құнынан төмен бағаға сатып алып, кейін борышкерлерден өндіріп алау жүйесімен жұмыс жүргізген.

«Алайда борышкерлерден түскен қаражат кей жағдайда қарызды қайтару ретінде рәсімделіп, ҚҚС-тан босатылған операция ретінде көрсетілген. Шын мәнінде, бұл – өндіріп алу қызметінен түскен табыс. Яғни сатып алынған берешек құны мен нақты өндірілген сома арасындағы айырма табыс болып саналады. Бірақ кейбір жағдайда дәл осы табыс салық салынатын айналымға енгізілмеген. Осылайша, берешекпен жасалған операция ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде бұл жалпы тәртіппен салық салынуы тиіс сыйақы болып саналады», – делінген хабарламада.

Комитеттің мәліметінше, мұндай тәсіл жекелеген жағдай емес, керісінше, жүйелі сипатқа ие және нарықтың бірқатар қатысушысы тарапынан қолданылған.

Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитеті нарықтағы барлық қатысушы үшін тең жағдай жасау мақсатында қосымша талдау жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар салықтан жалтару схемаларын болдырмауға және операциялардың экономикалық мәніне сай салық міндеттемелерін дұрыс анықтауға бағытталған.

Анықталған 15 салық төлеуші бойынша толық тексеру жалғасып жатыр. Нәтижесінде тиісті салықтық шаралар қабылданады.

Комитет кез келген операция нәтижесінде табыс пайда болса, оның қалай рәсімделгеніне қарамастан, ол міндетті түрде салық салуға жататынын ескертеді.

Бұған дейін борышкерлер коллекторлармен қалай сөйлесуі керектігі жөнінде кәсіби заңгермен сұхбат құрған болатынбыз.