Президент: 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді

Президент: 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент еліміздегі әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды салу мен жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

«Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.

Осы мақсатта Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді.

«Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

Оның айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады.

Қазақстан экономикасының көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі деп күтілуде.

Президент өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14%-дан асқанын атап өтті. Ал еліміздің алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 млрд доллардан асты.