RAKS Exchange криптосервисіндегі 3,2 млн цифрлық доллар тәркіленді
Криптосервистегі 4 мыңнан астам криптоәмиянға талдау жүргізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 млн USDT-тен асатын цифрлық актив бұғатталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәлімдеуінше, ТМД кеңістігіндегі ірі көлеңкелі RAKS Exchange криптосервисі жойылған. Ол цифрлық активтер арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан.
Аталған криптоалмастырғыш арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағында әрекет еткен 200-ден астам есірткі интернет дүкендерінің транзакциялары өткен. Платформаның жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан.
«Ауқымды криптотергеу барысында Follow the Money тәсілі аясында есірткінің заңсыз айналымына және даркнет алаңдарының қызметіне қатысы бар 4 мыңнан астам криптоәмиянға блокчейн-талдау жүргізілді. Криптотергеу нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 млн USDT-тен асатын цифрлық активтер бұғатталды», делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, USDT ол криптовалюта токені, оның бағамы 1:1 есебімен АҚШ долларына тең.
Қазір қаражаттың бір бөлігі – 3,2 млн USDT тәркіленді. Олардың қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденіп, қаражат агенттіктің арнайы шотына аударылды.
Агенттіктік мәлімдеуінше, осының арқасында ірі көлемдегі есірткі жеткізілімдері тоқтатылып, тарату инфрақұрылымы жойылды, бірқатар есірткі интернет дүкенінің қызметі тоқтатылды.
Еске сала кетсек, елімізде киберқылмыстар саны айтарлықтай азайды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен кеңестің отырысында айтылды.