Қазақстанда киберқылмыстар саны айтарлықтай азайды

18 сәуір, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда киберқылмыстар саны айтарлықтай азайды
Фото: Бас прокуратура

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңестің отырысы өтті. Онда киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мәселелері қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Отырысқа Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, бейінді министрліктердің, сондай-ақ қаржы ұйымдарының, байланыс операторларының және онлайн-платформалардың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында соңғы үш айда киберқылмыстар санының азайғаны атап өтілді.

Биыл мұндай құқық бұзушылықтар саны 15,1%-ға (6 216-дан 5 275-ке дейін) қысқарды.

Оң динамика мемлекеттік органдардың үйлестірілген жұмысының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмыстық қауіп-қатерлерге реактивті әрекет етуден проактивті әрекет етуге көшу жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың нәтижесі болды.

Атап айтқанда, кредит беру саласындағы қауіпсіздік күшейтілді: «салқындау кезеңі» енгізілді, алғашқы қарызды ресімдеу кезінде міндетті жеке қатысу талабы белгіленді және өзге де қорғаныс тетіктері іске асырылды.

Байланыс саласында да елеулі өзгерістер енгізілді: SIM-бокстарға тыйым салынды, абоненттерді биометриялық тіркеу енгізілді, операторларға антифрод-жүйелерді қолдану және алаяқтық қоңырауларды бұғаттау міндеттелді.

Сонымен қатар дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы (банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру) күшіне енген сәттен бастап 446 іс тіркелді.

Ұлттық банк жанындағы Антифрод-орталық арқылы алаяқтық операциялармен байланысты 2,8 млрд теңге бұғатталды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ цифрлық активтер саласындағы қылмыстарға қарсы күреске, оның ішінде криптовалюталарды ұрлау схемаларын әшкерелеуге, сондай-ақ виртуалды байланыс арналары арқылы жүзеге асырылатын жаппай алаяқтық қоңырауларға қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылды.

Еске сала кетейік, Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрлерінің таралғаны жөнінде ескертті.